Ауғанстан президенті Мохаммад Ашраф Гани Ресей мен Пәкістанды «Талибан» қозғалысына қолдау көрсетті деп айыптады, деп хабарлайды Pajhwok агенттігі.
Ауған президенті 22 қазанда елдің шығысында орналасқан Пактия провинциясына жасаған сапары кезінде Пәкістан мен Ресейдің “Талибанға” қару-жарақ пен қаржылай көмек көрсеткенін мәлімдеді. Бүлікші қозғалыстың әрекетін айыптаған Гани оларды өз қателіктерін мойындауға шақырды.
Ауған көшбасшысы «Талибанға» көмек қолын созғанын, ал талибтердің террорлық шабуылмен жауап қайтарғанын айтты.
«Талибандықтар бір жарым миллион ауған азаматының өліміне себепкер болғандардан (Ресей) қару-жарақ алуда», – деп мәлімдеді Ашраф Гани.
Ресей Сыртқы істер министрлігі өз кезегінде Ауғанстан президентінің айыптауларын жоққа шығара отырып, Мәскеудің тұрақты түрде Кабулға әртүрлі көмек көрсетіп отырғанын, соның ішінде ұлттық қауіпсіздік күштерінің жауынгерлік қабілеттерін нығайтуға, осы елдегі бейбітшілік пен тұрақтылыққа қол жеткізу үшін ауғанаралық диалогты қалыптастыруға белсенді түрде қатысып отырғанын атап өтті.
Жадыра Аманбайқызы