13 ақпанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Катарға мемлекеттік сапармен барды. Бұл сапарда қандай құжаттарға қол қойылды, қос тарап нендей келісімге келді?
Мемлекет басшысы Катар әмірі Тамим бен Хамад Әл Танимен кездесті. Кездесуде Тоқаев “Катар – Қазақстанның ислам әлеміндегі сенімді әрі маңызды әріптесі” екенін айтты. Қазақстан президенті “екі елдің қарым-қатынасына тың серпін беретін кез келгенін” айтып, “Катар болашақта Қазақстандағы ең ірі инвесторлардың ондығына кіреді деп есептейтінін” жеткізген.
“Қазақстан мен Қатар байланыстарын толық стратегиялық әріптестік деңгейіне көтеруді ұсынамын. Сапар кезінде өте маңызды құжаттарға қол қойылады. Бұл келісімдер біздің ынтымақтастығымызды стратегиялық деңгейге көтереді. Біз үшін Қатар өте ерекше ел, сіздермен байланыстарымызды жоғары бағалаймыз. Сондықтан бұл қатынастарымызды одан әрі дамыту үшін күш-жігерімізді саламыз” деді Тоқаев.
Келіссөзден соң Катар әмірінің сарайында бірнеше құжатқа қол қойылды. Олардың қатарында қазақстандық QazaqGaz бен катарлық UCC Holding компаниясы Қашағанда газ өңдеу зауытын салу бойынша келісім бар.
Бұған қоса, Қазақстан мен Катар арасында қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек, жемқорлықпен күрес қызметтері арасындағы серіктестік және қазақстандықтардың Катарда жұмыс істеуін реттеу бойынша үкіметаралық келісімге де қол қойылған.
Сондай-ақ “Қазақтелекомға” тиесілі “Мобайл телеком-сервис” (Tele2/Altel брендтері) компаниясын Катардың Power International Holding компаниясы сатып алуды қарастырып жатқаны айтылды. “Самұрық қазына” қоры “Қазақтелеком” мен Power International Holding бірге жұмыс істеу бойынша келісімге қол қойғанын хабарлады.
2022 жылдың 12-13 қазанында Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнидің Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген. Осы сапардың нәтижесінде мемлекеттік және ведомствоаралық деңгейде 12 екіжақты құжатқа қол қойылды. Кеңейтілген құрамда келіссөз өтті.
Бұл келіссөздер барысында Тоқаев екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жыл толғанын арнайы атап өткен.
Бұдан бөлек осы сапарда Әмірге Қазақстан Президентінің «Алтын Қыран» ордені табыстаған.
Тоқаевтың Катарға сапарынан не күтеміз?
Екі ел басшысы кейінгі 5 жылда жиі кездескен. Мемлекеттер өзара жақсы қарым-қатынас орнатқан және ешқандай халықаралық мәселелерде пікір қайшылық болған емес. Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы жоғары, ал Қатардың инвестиция құюға әлеуеті зор. Сол себепті Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары екіжақты қатынасты жаңа деңгейге көтеретіні сөзсіз.
Қазақстан мен Қатардың арасында ешқандай келіспеушіліктер мен наразалықтар жоқ. Керісінше, өзара ынтымақтастығы жоғары, достығы жарасқан мемлекеттер. Жалпы әлемнің басқа елдері, оның ішінде көршілес елдердің Қазақстанға деген қарым-қатынасы жақсы. Сондықтан бұл артықшылық Қатармен инвестициялық, тауар айналымында ынтымақтастықты нығайту және күшейтуге мүмкіндік беріп отыр… Қазақстанға Қатардың инвестициясы маңызды және Қатар үшін Қазақстанның Орталық Азиядағы экономикалық жағдайы тартымды, – деп пікір білдірді сарапшы Әділ Кәукенов Қазинформға берген сұхбатында.
Сарапшының айтуынша, Доха – тек аймақтағы емес, әлемдегі авиациялық хаб. Сондықтан Қазақстан бұл практиканы өзіне де енгізе алады.
Кәукенов катарлықтардың еліміздің жол құрылысы, мұнай өңдеу, химиялық өңдеу және басқа бірнеше бағытына қызығушылығы жоғары екенін де атап өтті.