Қазіргі заманда ұялы телефон адам өмірін жеңілдететін маңызды құралға айналды. Алайда оны шектен тыс қолдану, әсіресе балалар арасында, үлкен мәселе болып отыр. Бұл тәуелділіктің бірнеше себебі бар.
Ерте жастағы қолданыс
Балаға ұялы телефонды тым ерте беру — алғашқы қателіктердің бірі. Экраннан түрлі қызықтарды көрген бала психологиялық тұрғыдан тәуелділікке бейімделеді. Психологтардың айтуынша, ұялы телефонды мектеп табалдырығынан кейін ғана беру абзал. Бұл балаға қатаңдық емес, керісінше оның психикасының қалыпты өсуіне септігін тигізеді. Бала өз жасының ерекшелігін сезінуі керек. Бұрын балалық аулада өтетін болса, қазір көбінесе экран артында қалып барады.
Ата-ананың балаға көңіл бөлмеуі
Қазіргі қоғамда тек балалар ғана емес, кез келген буын әлеуметтік желіге тәуелді болып барады. Кейде үйде де ата-аналар балаға жеткілікті көңіл бөлмей, WhatsApp немесе басқа қосымшалар арқылы қарым-қатынас жасайды. Бұл — үлкен қателік. Ұялы телефонды тек қажеттілік үшін пайдаланып, үйде отбасымен сапалы уақыт өткізу — мәселенің бір шешімі болып табылады.
Тәуелділіктің салдары
Ұялы телефонға тәуелділік баланың тілінің кеш дамуына, әлеуметтік желілерден түрлі видеолар көріп, қылық шығаруына әкелуі мүмкін. Алайда әр мәселенің шешімі бар. Психолог мамандар баланың гаджетін бірден алып қоюға тырыспау керек дейді, себебі бұл ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты бұзып, жағдайды қиындатады.
Шектеу мен баланы дамыту
Балаға жасына сай ой-санасын дамыту ойындарын ұсынып, телефон қолдану уақытын бақылау маңызды. Егер тәуелділіктің алғашқы белгілері байқалса, ноутбук немесе компьютерді көрсетпеу дұрыс. Баланы қызықты кітаптарға тартып, смартфонды тәулігіне бір сағаттан артық ұстатпау қажет. Бала енді ғана өмірді танып келеді, сондықтан бірден айқайға салу немесе қатаң тәртіп — кері әсер береді.
Отбасының рөлі
Баламен жиі сөйлесу, гаджетсіз бірге уақыт өткізу — ең тиімді тәсіл. Ата-ананың жылуы мен көңілі бар жерде бала интернетке тәуелді болмайды. Соңғысы айтқанда, мәселенің бастауы мен шешімі — отбасыда.
Сабина Бекболат
























































