Газет расымен артта қалды ма?

0
3

«Газет расымен артта қалды ма, әлде біз оны түсінбей жүрміз бе?» деген сауалға жауап бермес бұрын, ең әуелі газет-журналдардың тарихына үңілген жөн.

Қазақ халқы азаттық жолында күрделі күрес кезеңдерін бастан өткерді. Кеңес өкіметі тұсында қазақ зиялылары шындықты ашық айта алмай, өз ойларын өлеңмен, тұспалдап, астарлап газет-журнал беттерінде жариялауға мәжбүр болды. Қатаң бақылау мен цензураға қарамастан, ұлттық баспасөз отарлау саясатына қарсы үн қата білді. Белгілі жазушы Мұхтар Әуезов «Қазақ» газетінің халық санасын оятып, елді серпілткенін ерекше атап өткен. Бұл — қазақ баспасөзінің ұлттың қоғамдық ой-санасының қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқанын айқын көрсетеді.

Бүгінде көпшілік газетті ескі, қызықсыз ақпарат көзі ретінде қабылдайды. Себебі қазір ақпарат тарату жылдамдығы артты: жаңалықтар бірден әлеуметтік желілерде жарияланады. Адамдар дайын, қысқа әрі көз алдына бірден шығатын ақпаратты оқуға үйреніп қалды. Алайда газеттің өзіне ғана тән артықшылықтары бар. Соның ең бастысы — сенімділік пен сараптама.

Интернет кеңістігінде жалған ақпараттың көптеп таралуы — бүгінгі қоғамның өзекті мәселелерінің бірі. Ал газет бетінде жарияланатын әрбір материал редакциялық сүзгіден өтеді, дереккөздер тексеріледі, фактілер нақтылаудан өтеді. Газеттің кеш шығуы да осы жауапкершіліктің нәтижесі. Дегенмен қазіргі оқырман көбіне жылдам әрі ыңғайлы ақпаратты таңдауға бейім.

Көпшілігіміздің санамызда газет сұр түсті қағаз беттерімен ғана елестейді. Алайда болашақта газет заманауи дизайнмен безендіріліп, жас аудиториямен тығыз байланыс орната алса, оқырман назарын қайтадан өзіне аударары сөзсіз. Қазіргі таңда технология дамыған сайын дәстүрлі газет орнына онлайн мақалалар, мультимедиалық форматтағы жаңалықтар пайда болуда. Осылайша баспасөз жаңа өзгерістерге бейімделіп келеді.

Қорытындылай келе, заман өзгерсе де, газет — ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан тарихи әрі рухани мұра. Мәселе газеттің артта қалуында емес, оны заман талабына сай дамыта білуде. Ең бастысы — біз газетті қалай қабылдаймыз және оны қалай жаңарта аламыз деген сұраққа жауап табу.

Сабина Бекболат

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз