«Тау тұлға» дегенде ең алдымен ел үшін еңбек еткен, халқына қалтқысыз қызмет қылған, дара жолымен дараланған ұлы қайраткерлер еске түседі. Әрбір аймақта сол өңірдің мақтанышына айналған, ұрпаққа үлгі боларлық тұлғалар бар. Мысалы, бұрынғы Семей облысының атауы бүгінгі таңда ұлы ойшылдың құрметіне Абай облысы деп өзгертілді. Бұл — туған жерден шыққан ірі тұлғаның рухына деген ел ықыласы мен құрметінің айғағы. Басқа да өңірлерде осындай құрмет белгісі ретінде тұлғалар атымен ауыл, көше, мектеп, мәдени нысандар аталып жүр.
Менің туған жерім — Ақтөбе облысы, Алға ауданы. Ақтөбе — Қазақстандағы ең үлкен облыстардың бірі, ал кең байтақ өңірден шыққан дарынды жандардың қатары аз емес. Бұл өлкеден шыққан елге еңбегі сіңген тұлғалар қатарында Жұбановтар әулеті, батыр Есет Көкіұлы, Темірбек Жүргенов, Ізтай Мәмбетов, ғарышкер Виктор Пацаев сынды есімдер ерекше аталады.
Қазіргі таңда осы азаматтардың құрметіне мектептер, кітапханалар, көшелер мен спорт кешендері ашылып, олардың есімдері ұлықталып келеді. Солардың бірі — Алға ауданының тумасы, көрнекті ақын Ізтай Мәмбетов. Ол – қазақ әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан, артында мол мұра қалдырған тұлға. Ақынның шығармалары әдебиет саласында ізденіп жүрген жастар үшін үлкен ғылыми-әдістемелік негіз болып отыр. Оның «Мен ақынмын», «Табантал», «Менің әкем», «Өгей шешеме» атты өлеңдері жүрекке жол тауып, ойға ой қосады.
Ізтай Мәмбетовтың құрметіне 2016 жылы аудандық балалар кітапханасына оның есімі берілді. Бұл – кешігіп берілген болса да, лайықты құрметтің бір көрінісі. Сол жылы осы оқиғаға арнап мақала да жазған болатынмын. Ақын — жай ғана сөз зергері емес, Алға ауданының атынан алғаш рет қазақ әдебиетінде жарқырап көрінген тұлға. Сол себепті де біз оны әрдайым қадір тұтамыз. Қазіргі таңда Ізтай Мәмбетов атындағы кітапханада жыл сайын әдеби байқаулар, поэзия кештері мен түрлі шығармашылық іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады.
Әрбір адам туған жерінен шыққан тау тұлғалармен мақтана білуі керек. Ал мен — осындай асыл адамдарды дүниеге әкелген Ақтөбе өңірінен шыққаныма мақтанамын!
Нұрбол Қаңтаров