Жасанды интеллект: мүмкіндік пе, әлде қауіп пе?

0
4
фото: google

Бүгінгі таңда жасанды интеллект (ЖИ) адам өмірінің барлық саласына белсенді түрде ене бастады. Оны әлеуметтік желілерден, білім беру жүйесінен, медицинадан, тіпті өнер саласынан да жиі кездестіреміз. Алайда қоғамда «Жасанды интеллекттің өміріміздің барлық саласында кеңінен қолданылуы дұрыс па, әлде қате ме?» деген сауал жиі көтеріледі. Бұл — көпшілікті ойландыратын өзекті мәселе.

Жасанды интеллект — жай ғана алгоритмдер мен кодтар жиынтығы емес. Ол — адам ойының жалғасы, идея мен арманды шындыққа айналдыратын қуатты құрал. Болашақта ЖИ өміріміздің барлық қырын түбегейлі өзгертіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуы мүмкін.

Жасанды интеллекттің басты артықшылықтарының бірі — оның жылдамдығы мен дәлдігі. Ол үлкен көлемдегі ақпаратты қысқа уақыт ішінде өңдеп, қателік ықтималдығын азайтады. Сонымен қатар ЖИ үнемділікке жол ашып, уақытты тиімді пайдалануға көмектеседі. Ақпаратты терең талдау қабілеті мен автоматтандыру мүмкіндігі арқылы көптеген саланың дамуына серпін береді. Ең бастысы, жасанды интеллект инновациялық идеялардың пайда болуына ықпал етіп, қоғамды алға жетелейді.

Алайда ЖИ-дің әлсіз тұстары да жоқ емес. Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде жасанды интеллект көмегімен жасалған фото және видеолар кеңінен таралып отыр. Көп жағдайда олардың шын немесе жалған екенін ажырату күннен күнге қиындап барады. Бұл өз кезегінде қоғамда жалған ақпараттың таралуына, сенімнің әлсіреуіне алып келуі мүмкін.

Бұл туралы әйгілі ғалым Стивен Хокинг:

«Жасанды интеллект жасау — адамзат тарихындағы ең үлкен жетістік болар еді. Өкінішке қарай, ол соңғысы да болуы мүмкін», — деп ескерткен.

Сондықтан жасанды интеллекттің дамуы тек техникалық жетістік қана емес, сонымен қатар адамзаттың жауапкершілігі мен этикалық мәдениетінің көрсеткіші болуы тиіс. Технологияның басты мақсаты — адамды алдау емес, оған көмектесу.

Қорытындылай келе, «жасанды интеллект — біздің болашағымыз» деуге толық негіз бар. Біз ЖИ-дің адам өмірін жеңілдетіп, тек игі мақсатта қолданылатынына сенуіміз керек. Ол үшін алдағы уақытта жасанды интеллектті қолдану ережелері мен заңдары нақты бекітіліп, жалған контентті анықтайтын арнайы жүйелер енгізілуі қажет. Тек осы жағдайда ғана жасанды интеллект адамзат игілігіне адал қызмет ете алады.

Айдидар Нүркен

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз