Қазіргі таңда жасанды интеллект (ЖИ) халықты өз шынайылығымен әрі таңғалдыру мүмкіндігімен баурап алған технологияға айналды. Біреулер оны ойын-сауық құралы ретінде қолданса, енді біреулер ескі суреттерді «тірілтіп», естеліктерін жаңғыртып жүр. Осындай мүмкіндіктерді көргенде, «Бұл технология қалай және қашан пайда болды?» деген сұрақтың туындауы заңды.
Негізінде, жасанды интеллект туралы алғашқы ғылыми ойлар ХХ ғасырдың 1940–1950 жылдары қалыптаса бастады. Осы кезеңде ағылшын ғалымы Алан Тьюринг «Машина ойлана ала ма?» деген маңызды сұрақ қойып, жасанды интеллекттің теориялық негізін қалады. Ал 1956 жылы АҚШ-тағы Дартмут университетінде өткен ғылыми конференцияда ғалым Джон Маккарти алғаш рет “Artificial Intelligence” («Жасанды интеллект») терминін ғылыми айналымға енгізді. Дәл осы сәт ЖИ-дің дербес ғылым саласы ретінде қалыптасуының бастауы болды.
Жасанды интеллект әлемде осы жылдардан бастап дамыса да, елімізде ол соңғы жылдары ғана кеңінен қолданыла бастады. Шынында да, қазіргі техникалық жүйелер өте қарқынды дамып келеді. Бүгінде көп ойланбай-ақ, белгілі бір тапсырманы жасанды интеллект платформаларына жүктесек, дайын нәтиже ала аламыз. Алайда бұл құбылыс тек оң әсер бере ме, әлде кері салдары да бар ма — бұл әлі де ойлануды қажет ететін мәселе.
Жасанды интеллект — адамға көмекші құрал, бірақ оны толық алмастыратын күш емес. ЖИ-дің пайдасы мол болғанымен, болашақта оны тек қажетті жағдайда, орнымен қолдану маңызды. Себебі технология адам орнына шешім қабылдайтын деңгейге жетпеуі тиіс. Ақыл мен жауапкершілік әрдайым адам қолында қалуы керек.
Егер жасанды интеллектті дұрыс әрі тиімді пайдалансақ, ол болашақта адам өмірін жеңілдететін негізгі құралға айналары сөзсіз. ЖИ тек роботтар мен компьютерлерде ғана емес, білім беру, медицина, көлік, өнер, тіпті күнделікті тұрмыста да кеңінен қолданылатын болады. Ең бастысы — технология адамға қызмет етіп, оның мүмкіндіктерін кеңейтуі тиіс.
Сабина Бекболат
























































