Ұлттық биатлон құрамасы әлем чемпионатында алғаш рет үздік ондыққа енді. Бұл туралы Қазақстан биатлоншылар одағының баспасөз қызметі хабарлады.

Чехияның Нове-Место қаласында өтіп жатқан әлем біріншілігінде биатлоннан ерлер құрамасы эстафета сайысында үздік ондыққа енді.

Сайыста ел намысын Александр Мухин, Владислав Киреев, Асет Дюсенов және Никита Акимов қорғаған.

Жарыс алаңына алғаш болып Александр Мухин шықты. Ол барлық нысанаға дәл тигізіп, жеңімпаздан +0.9 секунд айырмашылықпен эстафетаны үздік үштіктің қатарында Владислав Киреевке тапсырды.

Владислав Киреев алғашқы жатып ату кезеңінде 3 қосымша оқтың көмегімен, ал тұрып ату кезінде бірден барлық межеге дөп тигізді. Ол эстафетаны Асет Дюсеновке үздік төрттіктің қатарында тапсырды. Жарыс алаңына шыққан Асет Дюсенов бірінші айналымда 2 оғы қиыс кетіп, қосымша оқтың көмегімен барлық нысананы жапса, екінші айналымда мергендік танытып, таза атты.

Дюсеновтен кейін бәсекені алғаш рет ересектер арасындағы әлем чемпионатына қатысушы Никита Акимов жалғастырды. Ол бірінші айналымда 3 қосымша, екінші айналымда 2 қосымша оқ пайдаланып, команданы үздік ондықтан түсірмеді. Осылайша жылдың басты старты өз мәресіне жетті.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз