Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина (әлемнің 5-ракетакасы) Абу-Дабиде өткен WTA-500 турнирінің жеңімпазы атанды. Ол финалда ресейлік Дарья Касаткинаны (14-ракетка) 6:1, 6:4 есебімен жеңді.

Рыбакина Abu-Dhabi Open жарысындағы жеңістен соң әлемдік рейтингіде келесі аптадан бастап 4-орынға көтеріледі.

Елена Рыбакина финалға дейін Даниела Коллинсті (АҚШ), Кристина Букчаны (Испания) және ресейлік Людмила Самсонованы жарыстан шығарған.

Бұл – Рыбакинаның биылғы екінші жеңісі, ал жалпы карьерасындағы жетінші кубогы.

Ол биыл қаңтарда Австралияның Брисбен қаласындағы WTA-500 турнирінің финалында беларусь Арина Соболенкодан басым түсіп, турнир жеңімпазы атанған.

Рыбакина Ресейде туған, 2018 жылы Қазақстан азаматтығын алған. Теннисші 2022 жылы Үлкен дулыға жарыстары қатарына енетін “Уимблдон” додасының жеңімпазы атанған.

Рыбакина келесі аптада Дохадағы WTA-1000 турниріне қатысады. Теннис ережесіне сай, WTA-500 турнирінде рейтингіге 500 ұпай, WTA-1000 жарысында мың ұпай беріледі. Ал Үлкен дулыға жарыстарының жеңімпазы 2000 ұпай алады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз