FlyArystan әуе компаниясы елімізде уақыт белдеуі ауысатынына байланысты жолаушыларға үндеу жасады. Компания халыққа рейстің бір сағат ерте ұшатынын ескертті.

Үкіметтің 2024 жылғы 19 қаңтардағы №20 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына 5-сағат белдеуі қолданылады. Тиісінше биыл 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, Абай, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстарында жергілікті уақыт 1 сағатқа артқа ауыстырылмақ. Осы орайда жолаушыларды рейстердің қалай ұшатыны туралы сұрақ мазалайтыны рас. Бұл сауалға аталған әуе компания жауап берді.

“7 ақпанға дейін (қоса алғанда) билет сатып алып, 2024 жылдың 1 наурызы күнгі сағат 00:01-ден бастап (Астана қ. уақыты бойынша) Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Түркістан, Өскемен, Семей қалаларына немесе осы қалалардан ұшатын жолаушыларға рейстің билетте көрсетілген уақыттан 1 сағат бұрын орындалатынын ескертеді”, – делінген FlyArystan таратқан хабарламада.

Компания жолаушыларға бірыңғай уақыт белдеуіне көшкеннен кейінгі ұшудың нақты уақыты белгіленген жаңа билетті қалай жүктеу керектігі туралы жан-жақты ақпараты бар жеке хабарлама жіберілетінін алға тартты.

Яғни 8 ақпаннан кейін Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Түркістан, Өскемен және Семей қалаларына немесе осы қалалардан орындалатын рейстерге сатылған авиабилеттерде бірыңғай уақыт белдеуіне көшуді ескере отырып, нақты уақыт көрсетілген.

Әуе тасымалдаушы ресми сайттағы немесе арнайы қосымшадағы рейстің орындалу уақытын тексеруді, сондай-ақ бірыңғай уақыт белдеуіне көшуді ескере отырып, ұшудың жаңа уақытына мұқият қарауды сұрайды.

Айта кетейік, 19 қаңтарда үкімет Қазақстанның барлық аумағында UTC+5 уақыт белдеуін енгізу туралы қаулыны бекітті.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз