Қазақстанда мешіттерде намаз оқуға тыйым салынды

0
114
Нұр-Сұлтан қаласындағы "Әзірет Сұлтан" мешітіне құрбан айт намазына жиналған жұрт. 11 тамыз.

Қазақстандағы төтенше жағдай кезінде елдегі мешіттерде жұма намазы және басқа намаздар оқылмайды. Ал жаназа намазы тек жақын туыстарымен, яғни аз топпен өткізіледі.

Бұл туралы 16 наурызда Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы пәтуә шығарды.

“Біріншіден, мемлекет тарапынан елде төтенше жағдай жариялануына және коронавирустың таралу қаупі жоғары болуына байланысты мешіттерде жұма намазы уақытша оқылмайды. Әркім өз үйінде жұма намаздың орнына бесін намазын өтейді. Екіншіден, мешіттер жабылмайды, бес уақыт намазға азан шақырылады, алайда бес уақыт намаз мешітте жамағатпен оқылмайды. Үшіншіден, мешіт жанындағы асханаларда өтетін құдайы ас, садақалар (жетісі, қырқы, жылы сынды дәстүрлі кәделер) уақытша тоқтатылады. Төртіншіден, жаназа намазын тек жақын туыстарымен, яғни аз топпен өткізген дұрыс” деп пәтуә шығарды діни басқарма.

Қазір Қазақстанда он адамға коронавирус жұққан. Олардың сегізі Алматыда, екеуі Нұр-Сұлтан қаласында жатыр. Тағы бір қазақстандық вирус жұқтырып, Германияда жатыр.

Қазақстан билігі 16 наурыздан 15 сәуірге дейін елде коронавирусқа байланысты төтенше жағдай жариялаған. Елде 1641 адам ауруханада, 981 адам үйде карантинде жатыр.

Төтенше жағдай кезінде сауда орындары жабылып, той, ас беру, спорт жарыстары, сабақ тоқтатылды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз