Көлгінов: жақыныңызға шын жанашыр болсаңыз үйде отырыңыз

0
144
Қазақстан астанасы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов.

24 наурыз күні Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қала халқына үндеу жолдады. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

“Өзге елдердің тәжірибелерін қарадық. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ауырған бір адам кемінде 2-3 адамға жұқтыратынын мәлімдеді. Ал 5-6 күннің ішінде ауырған бір адам 3,5 мың адамның дертті болуына себеп болады. Еуропа қалалары бірінен кейін бірі карантинге жабылып жатыр. Олардың кейбіреулері шешімді тым кеш қабылдағанын көріп отырсыздар. Ал вирус алғаш тіркелген Қытай, күресті темірдей тәртіптің негізінде жүргізді. Қытай, Оңтүстік Корея елдері азаматтарды оқшаулаудың қатаң әдісін қолданды. Мекемелер, кәсіпорындар, қоғамдық көліктер жұмыстарын тоқтатты. Олар күндеп емес, айлап үйлерінен шықпады. Тек осындай тәртіп қана медицина қызметкерлеріне үлкен көмек болды және оң нәтиже берді”, – деді Көлгінов. 

“Бұл індетті жасы үлкен, созылмалы дерттері бар азаматтар көтере алмай жатыр. Сондықтан біз қазыналы қарияларымыздың амандығын ойлауымыз қажет. Әсіресе жасы үлкен азаматтарымыздың сыртқа шықпауын өтінеміз. Сабыр түбі сары алтын. Қиын кезеңде өздеріңіз үшін төзімділік танытыңыздар. Дәл қазір туысыңыз бен жақыныңызға шын жанашыр болсаңыз, олардың амандығын тілесеңіз, онда өз үйіңізде отыруыңыз керек. Карантин мен коронавирусқа қатысты сұрақтарыңыз болса 109 номеріне хабарласуыңызға болады. “, – деді қала әкімі.

Қазақстанда коронавирус жұққан науқастар саны 68 адамға жетті. Алматыда – 29 адам, Нұр-Сұлтанда – 35 адам, Қарағандыда – 2 адам, Алматы облысында – 1, Ақтөбе облысында 1 адам емделіп жатыр.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз