ҚМДБ: Қазақстанда арақтан түбегейлі бас тартқан 9 ауыл бар

0
135

Қазақстанда арақ сатылмайтын, ішімдік ішілмейтін ауылдар саны көбейіп келеді. Бұл туралы muftyat.kz сайты жазды.

Бұл ауылдардың дүкендерінде ішімдік сатылмайды, дастарқанға арақ-шарап қойылмайды. Олар қандай ауылдар?

Алмалы ауылы

Түркістан облысы Жетісай ауданына қарасты Алмалы ауылында 159 отбасы, яғни 1187 адам тұрады. Қазір бұл ауылдың дүкендерінен ішімдік таппайсыз. Себебі ауыл ақсақалдары белсенді жұмыс жүргізген. “Ішкіліктен не пайда? Еліміз ішімдік атаулыдан ада болса, таза болсақ, ұрлық, төбелес, ажырасу болмайды, көлік апаттары азаяры анық” дейді ауыл ақсақалы Елеусін Жастаев. Арақтан бас тартқанының арқасында ауылдың берекесі артып отқан көрінеді.

Жуансай ауылы

Түркістан облысының Ордабасы ауданына қарасты Жусансай ауылында да арақ түгілі темекі сатылмайды екен. Жусансай ауылында 1100 тұрғыны бар 120 шаңырақ түтін түтетіп отыр. Ауылда 3 дүкен бар. Ешқайсысында ішімдік сатылмайды. Жусансайды да арақтан тазартқан ауыл ақсақалдары екен. Жастары қарияларының сөзін екі етпейді. Айтпақшы бұл ауылдың жастары темекі де тартпайды. Содан болар, бұл ауылда соңғы сегіз жылдан бері қылмыс түгілі, бұзақылық оқиғасы тіркелмепті.

Жуансайдың берекесін кіргізіп отырған – ауыл азаматтары. Олардың туған жеріне деген сүйіспеншілігі сонша, қажетті жағдайдың бәрін жасап отыр. Ауылдың көпірін жаңаланған. Жаңа жол төселген. Көшелерге жарықшамдар орнатылған. Мешіт салынған. Мұның бәрін өзге емес, ауылдың өз азаматтары бірігіп атқарған екен.

Теңдік ауылы

Арақ тек оңтүстік облыстарда ғана емес, солтүстік облыстарда да сатылмайды. Атап айтсақ, Солтүстік Қазақстан облысының Теңдік елдімекенінің тұрғындары 16 жылдан бері дастарқанына арақ-шарақ жуытпаған. КТК телеарнасының хабарлауынша, содан бері бұл ауылда ұрлық-қарлық, қылмыс деген атымен болмапты.

Осы ауылда Орынбай атты қажыға барған қария бар. Сол кісі үйіне деп жинаған бар қаражатын жұмсап 150 орынды мешіт салдырыпты. “Жаңа заман келді. Жастарға рухани тәрбие беру керек. Жаңа жолға бағыттау керек. Жасымыз болса келіп қалды. Сондықтан жас ұрпақты тәрбиелеу үшін мешіт салдық” дейді Орынбай ақсақал.

2003 жылы мешіттің ашылуында ауыл ақсақалдары жерлестеріне арақтан бас тарту туралы үндеу жолдаған. Ақсақалдардың талабын орындаған жастар бірауыздан ішімдік атаулыдан бас тартқан. Айтпақшы, 2003 жылы ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти болған Әбсаттар қажы Дербісәлі Рамазан айында дүкендерде арақ сатпау туралы бастама көтерген еді. Ауыл осы бастаманы іліп алып, осы уақытқа дейін орындап келеді екен.

Красная поляна ауылы

Осы СҚО-ның Сандықтау ауданына қарасты Красная поляна ауылында да арақ сатылмайды. Осыдан 9 жыл бұрын араққа тойып алған ауыл жастары бір қарияны сабап кетіпті. Сол кезде ауыл ақсақалдары жерлестерін жинап, бұдан былай арақ-шарапқа жуымау жайлы үндеу тастаған. Нәтижесі міне, он жылға жуықтады, ауылда ішімдік сатылмайды. Содан бері бір де бір қылмыс тіркелмеген екен.

Қазір бұл ауылда 1000-нан астам адам тұрады. Ауыл тұрғындарының бір біріне деген сенімі артқаны сонша, алыс жаққа жол жүрсе де, есігіне құлып салмайды екен.

Еңбек ауылы

Ақмола облысының Еңбек ауылының дүкендерінде де арақ сатылмайды. Оған себепкер болған осы ауылдың тұрғыны Майдан апа Бақтыбайқызы. Ол кісі 2002 жылы ауылдағы өз үйін бұздырып, орнына мешіт салдырған. Сөйтіп мешіт ашылғаннан кейін, жерлестерін арақтан арылуға шақырыпты. Қазіргі уақытта бұл ауыл арақтан ғана емес, қоқыстан да арылыпты. Ауыл көшесінің тазалығы қалалардан кем түспейді.

Сарыбастау ауылы

Ащы судан бас тартқан ауылдардың бірі – Алматы облысы Райымбек ауданының Сарыбастау ауылы. Бұл ауылды арақтан арашалаған ауыл мектебі жанынан құрылған “Ұлағатты ұрпақ” қоғамдық қоры екен. Қорды ауыл ақсақалдары және осы ауылдан шыққан қазір түрлі қызметте жүрген ауыл белсенділері мен тұрғындары құрған екен.

Ауыл ақсақалы Ермек Әбілмәжінұлының айтуынша, 1985 жылы жарияланған бүкілхалықтық ішімдікке қарсы тұру акциясы тура осы төңіректен басталыпты. “Қазіргі кезде бұл бастаманың қайта қолға алынып, жастардың өздерінің арақпен күресуге ықылас танытқаны – жақсылықтың нышаны. Негізінен басқаша болуы да мүмкін емес еді. Себебі таудың баурайындағы қымызы үзілмейтін ауданнан мұндай бастаманың көтерілуі заңдылық” дейді Ермек ақсақал informburo.kz сайтына берген сұхбатында. Қазіргі уақытта Сарыбастау тұрғындары ішімдіктен сап тиылған.

Қақпақ ауылы

Араққа “аулақ” деген тағы бір елдімекен – осы Райымбек ауданының Қақпақ ауылы. Бұл ауылдан спорт шеберлері Ардақ пен Бейбіт Назаров шыққан. Ауыл жастары осы азаматтарды үлгі тұтып, айтқан сөздеріне құлақ салып келеді. “Болашақта қазақ балалары ішімдік дегенді білмейтін заман келеріне сенемін. Сондықтан барша қазақ баласын ішімдіктен бас тарту шарасын қолдауға шақырамын” деді спортшы Ардақ Назаров. Қазіргі уақытта Ардақ пен Бейбіттің жерлестері ішімдік атаулыға жоламайды.

Жыланды ауылы

Алматы облысына қарайтын Жыланды ауылы да арақтан бас тартқан. Бұл ауылда он жылдан бері жиын-тойларда тек қымыз ұсынылады екен. Жыланды ауылынан белгілі кәсіпкер, ZHERSU компаниясының басшысы Бауыржан Оспанов шықты.

Бауыржан Кеңесбекұлы қазір туған ауылына бар жағдайды жасап отыр. Ауылдың жолын салып, электр қуатымен қамтып, өндіріс орындарын ашып, тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін реттеп берген. Одан бөлек жерлестерін арақтан бас таруға шақырып, оның орнына қымыз ішуді насихаттаған. Қазіргі уақытта бүкіл ауыл ащу судан бас тартқан. Жыландының дүкендерінде бүгінде ішімдік қана емес, шылым мен шұжық (харам саналатыны) та сатылмайды екен.

Өзгент ауылы

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданына қарасты Өзгент ауылында да ішімдік сатылмайтын көрінеді.

“Сыр беткейде Өзгент деген ауыл бар. Тарихы Сығанақ, Сауран қаласымен тағдырлас. Ауыл имамы Халилла қожамен тілдестім. Имамның айтуынша, төрт-бес жыл алдында, молдасы бар, ақсақалы бар дүкен-дүкенді жағалап, сайтансудың сатылмауын насихаттаған. Соңыра, дүкен сөресінен сайтансу алынып, үйді-үйлерде тығылып сатыла бастаған. Онысын учаскелік полицейге айтып жүріп, оған тосқауыл қойған” деп жазады аудандық газет қызметкері Әбдісамат Әбдіш.

Бұл ауылдарды неге тізіп айтып отырмыз? Өйткені, азғындық атаулының бастауы – арақ.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз