Тоқаев елорда күніне арналған шараға неліктен қатыспады?

0
139
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Нұр-Сұлтанда қала күніне арналған дәстүрлі мерекелік шараға карантин күшеюіне байланысты Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатыспады. “Атамекен” этномемориалды кешенінде елдегі ең үлкен мемлекеттік Туды көтеру рәсімі өтті.

Туды көтеруге мемлекеттік күзет қызметінің бастығы Қалмұхамбет Қасымов бұйрық берген. Әнұран ойналғанымен ресми сөз сөйлеу болмаған. Курсанттарға офицерлік шендер де тапсырылмаған.

Қала әкімдігі қызметкерлерінің айтуынша, президенттің келмейтіні бір күн бұрын белгілі болған.

“Біз президенттің келмейтінін кеше ғана естідік. Бірақ осы шараға техникалық жағынан жауапты болғаннан кейін аяғына дейін атқаруымыз қажет. Енді, қала бойынша мерекелік шаралардың көбін өткізбейтін болды ғой. Адам көп жиналмасын деп, бұл шараны да өзгерткен шығар», — дейді ұйымдастырушылар.

Айта кетейік, жыл сайын Қазақстандағы ең үлкен мемлекеттік Тудың көтерілуімен қала күніне арналған мерекелік шаралар ресми түрде басталатын. Оған президент қатысып, курсанттарға офицерлік шен тапсыру дәстүрге айналған.

Мемлекеттік комиссияның шешімімен 5 шілдеден бастап қосымша карантин шаралары енгізіледі. Осыған байланысты астана күніне арналған мерекелік шаралар онлайн режимде өтеді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз