Бас санитар: Шетелден келген алты қазақстандықтан вирус анықталды

0
71
Назарбаев халықаралық әуежайы. Алматыдан келген жолаушылар. Photo: Bauyrzhan Juasbayev

Қазақстанға халықаралық рейстермен келген алты жолаушыдан коронавирус анықталды. Бұл туралы елдің көліктегі бас санитар дәрігері Сәдуақас Байғабылов хабарлады.

Елге 6-12 қазан аралығында халықаралық рейстермен 14 578 жолаушы келген. Оның 11 966-ы ПТР тестін тапсырған, қалған 2 596 адамда ПТР анықтама жоқ.

“Халықаралық әуе рейстерімен келген 2 596 адам ПТР тест тапсырып, коронавирус бар-жоғын анықтау үшін екі күн карантинге орналастырылды. Әр түрлі рейспен және әр күнде келген 2 596 адамның арасында алты қазақстандықтан коронавирус анықталды”, – деді Байғабылов.

Байғабыловтың айтуынша, үш жолаушы Алматыда (10 және 12 қазанда келген), бір адам Нұр-Сұлтанда (9 қазанда келген) және екі адам Шымкентте (11 қазанда келген).

Бұған дейін 12 қазанда таңертең Мәскеуден Нұр-Сұлтанға ұшып келген жолаушыдан коронавирус анықталғаны туралы хабарланған.

Еске салайық, 6 қазаннан бастап Қазақстанда коронавирус жұқтырмағанын растайтын анықтамасы жоқ шетелдіктерге кіруге тыйым салынды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз