ОСК: сенат сайлауының алдын ала қорытындысы жарияланды

0
186
Сенат сайлауы. Нұр-Сұлтан қаласы. Тәуелсіздік сарайы.

12 тамыз күні Қазақстанда жергілікті мәслихаттар әрбір облыс пен республикалық маңызы бар қалалар және астана атынан сайлауға қатысатын сенаттың 17 депутатын сайлайды.

Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, Қазақстан парламентінің жоғары палатасы – сенаттағы босаған 17 орынға сайлауға түсуге 58 адам тілек білдіріп, 46 кандидат тіркелген.

Сәрсенбі күні дауыс беру Нұр-Сұлтан уақыты бойынша таңертеңгі сағат 11-де басталды, оған дейін сайлаушылар тіркелді.

Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) түс кезінде ресми сайтында сайлаудың алдын ала қорытындысын жариялады. Ондағы мәліметке сәйкес, астанада Ақылбек Күрішбаевқа сайлауға қатысқан 20 адамның 15-і дауыс берген. Алматы қаласында Сұлтанбек Мәкежанов көбірек дауыс алған. Шымкентте Айгүл Қапбароваға 25 сайлаушының 18-і дауыс берген.

ОСК мәліметінше сайлауға сайлаушылардың шамамен 82 пайызы қатысқан. Ең жоғары көрсеткіш Қарағанды (98 пайыз) және Ақтөбе облыстарында (96 пайыз), Шымкент қаласында (96 пайыз) тіркелген. Сайлауды жергілікті аумақтардан 180 бақылаушы қадағалауы тиіс болған. Бұған дейін түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінен бес бақылаушы қатысады деп айтылған.

Конституция бойынша сенат депутаттарын жергілікті мәслихаттар сайлайды. Депутаттық өкілет мерзімі – алты жыл. Әрбір үш жыл сайын жартысы сайланып отырады. 47 депутаттың 32-ін – сайлаушылар, 15 депутатты президент өзі тағайындайды.

Кейбір қазақстандық сарапшылардың пікірінше, мемлекет бюджетінен қыруар қаржы бөліп, сенат ұстаудың қажеті шамалы.

Биыл кандидаттарды насихаттауға бюджеттен 26 млн 100 мың теңге  бөлінген.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз