«Астана Клубы» сарапшылары Еуразиядағы жаһандық қауіптер рейтингін таныстырды. Олардың ең негізгілері – жаппай қаруланудың жаңа кейпі, киберқауіптердің дамуы және «шиеленіс ошақтарының» қайта жандануы. Назарбаев орталығында «Астана Клубы» төртінші отырысының арнайы сессиясы аясында «2019 жылы Еуразия үшін төніп тұрған әлемдік қауіптер рейтингі» халықаралық зерттеуі көпшілікке ұсынылды.
Зерттеу жұмысына әлемнің ең үздік 30-дан аса сарапшылары мен саясаткерлері қатысқан. Олардың пікіріне мемлекет басшылары, халықаралық институттар мен ірі БАҚ өкілдерінің құлақ асатынын атап өткен жөн. Сондай-ақ зерттеу барысында 60 мемлекеттен 1000-нан астам кәсіби респонденттер арасында сауалнама жүргізілді.
Авторлардың ішінде әлемнің үздік сарапшылары мен Нобель сыйлығының лауреаттары да бар. Олар: Вудро Вильсон атындағы халықаралық ғылыми орталық жанындағы Кеннан институтының директоры Мэтью Рожански, Әлем проблемаларын зерттеу бойынша Стокгольм халықаралық институтының директоры (SIPRI) Дэн Смит, АҚШ Атлантика кеңесінің стратегиялық болжау бастамасының директоры Мэтью Барроуз, МАГАТЭ-нің бас директоры (1997-2009), Мысыр елінің вице- президенті (2013), Нобель сыйлығының бейбітшілік бойынша лауреаты Мохаммед Эль-Барадеи, «Өркениеттер диалогы» Зерттеу институты Бақылау кеңесінің төрағасы Владимир Якунин, Нобель сыйлығының Бейбітшілік бойынша лауреаты, POP (Protect Our Planet) халықаралық қозғалысының басты жетекшісі және Тұрақты даму жөніндегі бүкіләлемдік форум президенті Раджендра Пачаури.
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат Институтының директоры Ержан Салтыбаев: Сауда соғыстары, санкциялық және басқыншылық саясат орнаған бұл заманда текетірестерді шешуге бағытталған БҰҰ, ДСҰ сынды маңызды халықаралық институттардың өздеріне қауіп төніп тұр. АҚШ пен Қытай халық арасындағы сауда дауы Евразияның дамуына теріс ықпал етеді. Қазіргі үрдістер жаһандық қауіпсіздік жүйесі дағдарысқа ұшырағанына дәлел. Ал бұның салдары ауыр болмақ.
Сондықтан Еуразия қазір күрделі, әрі маңызды шешім қабылдауға мәжбүр. Не бірігуі тиіс, не жаһандық шиеленіс алаңына айналу қаупі туады. Таңдау қайсысына түсетіні жақын болашақта белгілі болады. Еуразия жүрегінде орналасқан Қазақстан үшін осы аймақтағы елдердің барлық текетірестерді бейбіт жолмен шешіп, ымыраға келуі аса маңызды. Сондықтан Еуразияның жетекші елдері арасында диалог орнату – Қазақстанның сыртқы саясатындағы басты міндеттерінің бірі. Бұл орайда, біз әзірлеген қауіптер рейтингі осы диалогтың негізі бола алатындай өзекті мәселелерді айқындауға бағытталған.