12 сәуір күні Нұр-Сұлтандағы “NURORDA” мектеп-лицейінде, “Ұстаз, оқушы, ата-ана: Алтын үшбұрыш” атты Республикалық форум басталды. Бұл туралы KAZAKNEWS тілшісі хабарлады.
Қазақстанның әр аймағынан келген 100 ге жуық белсенді ата-ана өзара танысып, арадағы байланыс одан әрі нығая түскендей.
Форумның ашылу салтанатында “Білім-инновация” ХҚҚ-ның президенті Дархан Өте, “Білім Орда” ХҚҚ-ның Қамқоршылық кеңісінің мүшесі Гүлнар Омарова лебіздерін білдірді.
Назарбаев университетінің вице-президенті Қадиша Дайырова өзі қызмет ететін Қазақстандағы үздік оқу орнындардың бірінде оқитын студенттердің басым бөлігі БИЛ түлектері екенін айтты. Сондай-ақ жыл сайын лицей түлектерінің басым бөлігі Назарбаев университетіне тапсырғанымен көбі шет елдік университеттерден шақырту алатынын да атап өтті.
“Астана” халықаралық университетінің вице-президенті Рахымбек Жолаев ата-ана, мұғалім және оқушы үштігін бизнес үлгісінде түсіндіріп берді. Аталған үштіктің арасында байланыс туралы да ой өрбітті.
Семей “Білім-инновация” түлегі, қазір осы лицейлердің ата-анасы Саясат Нұрбек заман көшінен қалмаған жастар жөнінде әңгіме айтты. Жылдар бойы жинаған тәжірибесімен, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу жайлы ойларымен бөлісті.
Ата-ана мен мұғалім арасындағы байланысты нығайту мен саналы ұрпақ тәрбиелеу идеясын насихаттауды мақсат тұтқан форумның ерекшелігі ашық әңгіме, пікір алмасу түрінде өтуінде.
Форумның ашылу салтанаты аяқталар тұста “Білім-инновация” лицейлерінің ең белсенді ата-аналары марапатталды.
“Ата-ана мен мұғалім бала тәрбиесінде мықты серіктес болуы қажет”
Форум барысында ата-аналарға бірнеше семинар өткізілді. Бірінші семинарда сөзді “USTAZ” кәсіби білім беру орталығының директоры Әлімжан Бекежанұлы алды. 2 сағатқа созылған тренингті тапжылмай тыңдаған ата-аналар өз ойларымен де бөлісті. Семинар соңында Әлімжан Бекежанұлымен сөйлесудің сәті түскен болатын.
“Бүгінгі семинарды қорытындылай кетейін. Мектепте баланы тәрбиелеу үшін екі жақты мүдделі кісі бар. Мұғалім және ата-ана. Осы екіліктің өзара серіктестігі баланың дұрыс тәлім-тәрбие алуына бірден-бір ықпал ететін фактор. Ал, осы серіктестіктің деңгейі қандай болуы қажет? Бұл сұрақ семинар барысында кең талқыланды. Нақтырақ 7 ұстаным ретінде түсіндірілді. Бұл 7 ұстаным шет елдік тәжірибелерге сүйеніп, ата-ананың түрлі рөлін саралай отырып айтылды. Бір ұстанымға тоқталып өтейін. Бұл – балаға жанқияр дос бола білу. Ата-ананың баласы үшін жанын қиюға бар екені бәрімізге белгілі. Яғни ата-ана ерлік жасай алады. Ал мұғалім осы ерлікті тәлім-тәрбие беру жолында қолдана алса тиімділік одан әрі арта түседі. Қоғамда серіктестік деген қаржылай тұрғыдан ары аспай тұр. Моральдық тұрғыдан ата-ана мен мұғалім бала тәрбиесінде мықты серіктес болуы қажет. Себебі, баланың өскен ортасы, дүниетанымы, үй жайы тіпті туыстарының көзқарасы бала тәрбиесіне әсер етеді. Бүгінде мұғалім мен ата-ананың арасында ресмилікпен шектелген алшақтық бар. Шектеулі уақытта ғана жұмыс жүргізілгендіктен нәтиже бола бермейді. Себебі тәрбие беру үздіксіз процесс екені баршаға белгілі. Осы тұрғыдан алғанда ата-ана мен мұғалім біте қайнаса жұмыс жасауы тиіс. Сонда ғана бала тәрбиесінде елеулі өзгерістер орын алады”, – деді ол.
Күн соңында әр аймақтан келген ата-аналар мектептеріндегі ерекшелікпен бөлісіп өзара пікір алмасты.
13 cәуір күні форумға қатысушылар ҚР Ұлттық музейі мен Назарбаев Университетіне танымдық саяхат жасап, “Білім-Инновация” лицейінің оқушылары арасында өтетін “КТЛ-Көңілді тапқырлар Лигасы” финалдық ойынына қатысады.
Abdimanap KENES