Кеше елордамыз Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде латын әліпбиіне өту мәселесі бойынша өткен баспасөз конференциясында журналистердің сұрағына жауап берген профессор Әлімхан Жүсіпбек «У» әрпінің латын әліпбиіндегі өзгерген «W» үлгісіне елдің алаңдап отырғанын жеткізді.
А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүсіпбек, латын әліпбиіне ауысу процесінің күні кеше ғана басталған мәселе емес екенін, біршама уақыттан бері қолға алынып келе жатқан ауқымды мәселе екенін атап өтті. Жүсіпбек:
“Кешеден бергі ұсынылып жатқан 25 әріптен тұратын әліпбиде бәрінің назарын аса аударып отырғаны «W», яғни «У», әрпінің латын әліпбиіндегі өзгерген үлгісі. Латын әріптерін көбісі ағылшын әрітерімен шатастырып жатады. Тіл мен әріпті олай салыстыра қарауға еш негіз жоқ. Себебі ағылшын тілі бөлек, латын әліпбиі бөлек қарастырылатын мәселе.”
– деді.
Парламентте латын әліпбиінің үш үлгісі ұсынылғанын мәлімдеген Әлімхан Жүнісбек, 25 әріптен тұратын әліпби нұсқасының парламент отырысына қатысқандардың көңілінен шыққанын, дегенмен де әліпбидің бұл нұсқасының әзірге толықтай қабылданбағанын, әлі де өзгерістер енгізілетінін хабарлады.
Сонымен қатар, Әлімхан Жүнісбек тілшіміз қойған “Латын әрпіне көшу орыс тілділіктен құтылуға әсер етеді ме? Ететін болса, қаншалықты дәрежеде ықпал ете алады?” деген сұрағына:
“Бұл өте үлкен саяси мәселе, өз арамызда айтылғандай орыс тілділіктен латын әрпіне көшу арқылы құтылуға мүмкіндік бар. Бірақ бір қиыны қазіргі ұрпақ тұрған кезде құтыла алмаймыз, келесі ұрпақ ауысса, түбегейлі орыс тілділіктің ортасынан қиындықсыз шыға аламыз. Әзірбайжан халқында да осындай қиындық болған, қазіргі уақытта олар бұл мәселені шеше білді.”
деген жауап берді.