10 қаңтар күні Нұр-Сұлтандағы 58 сайлау учаскесінде (Оқушылар сарайы) дауыс берген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев заңнамаға сәйкес сайлаудан кейін “Үкімет отставкаға кету керек” екенін айтты.
Оқи отырыңыз: Президент Тоқаев сайлауда дауыс берді
“Заңнамаға сәйкес, үкімет отставкаға кетуі тиіс. Мен сайлау аяқталғаннан кейін парламентке барамын. Фракция жетекшілерімен, депутаттардың жаңа құрамымен премьер-министр мен үкімет мүшелерінің кандидатурасын ақылдасамын”, – деді Тоқаев.
Елде мәжіліс пен мәслихатқа тек партиялық тізіммен сайланады. Жеке кандидаттар сайлауға өзін ұсына алмайды.
Оқи отырыңыз: Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды дауыс беруге шақырды
САЙЛАУҒА ҚАТЫСЫП ЖАТҚАН 5 ПАРТИЯ
Елде ресми тіркелген алты партияның бесеуі: “Нұр Отан”, “Ақ жол”, “Адал” (бұрынғы “Бірлік”), “Ауыл” және “Қазақстан халық партиясы” (бұрынғы “Қазақстан коммунистік халық партиясы”) мәжіліс сайлауына 312 кандидат (90 әйел, 222 ер адам) ұсынған. Кандидаттардың орташа жасы – 46,7. Ең жасы 25-те. Бұл жолы парламент сайлауына түсіп жатқандардың арасында қазіргі алтыншы шақырылымдағы мәжілістің 34 депутаты да бар.
САЙЛАУҒА НЕШЕ ҚАРЖЫ БӨЛІНДІ?
2021 жылғы 10 қаңтарда өтетін парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар депутаттарын сайлау науқанына республикалық бюджеттен 15,3 млрд. теңге (2020 жылға 10,8 млрд.теңге; 2021 жылға 4,5 млрд. теңге) бөлу қарастырылған.
10 қаңтардағы дауыс беру қорытындысы бойынша, парламент мәжілісінің 98 депутаты сайланады. Тағы тоғыз депутатты Қазақстан халқы Ассамблеясы тағайындайды.