“Ізгіліктің аралы”. Ақын Саят Қамшыгердің аударма жинағының тұсаукесері өтті

0
770
Қос ақын Саят Қамшыгер мен Дәулеткерей Кәпұлы.

19 ақпанда Нұр-Сұлтандағы ұлттық кітапханада ақын, аудармашы Саят Қамшыгердің аударма жинағының тұсаукесері, “Тастамашы, ана!”, “Ертегісіз өткен балалық”, “Көше балалары” атты кітаптарының таныстырылымы өтті.

Жиынға ақын, журналист, әдебиет саласының, балалар әдебиетінің өкілдері қатысты. Олар ақынның шығармашылығы туралы пікір айтып, кейбір достары ертеректегі естеліктерімен бөлісті.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы академияның басшысы Ұлан Еркінбай ақынның барлық кітаптарын шығарған “Samga” баспасының атынан Саят Қамшыгерге шапан жапты.

“Шыңғыс Айтматов балалар әдебиетін “ізгіліктің аралы” деген екен. Саятпен көп жерде сапарлас болдым. Ізгіліктің белгісіндей, әрдайым тазалық жағында жүреді. Балаларға арналған “Мөлдір бұлақ” журналының бас редакторы болуы да бекер емес”, – деді Ұлан Еркінбай. 

Жиында модератор болған ақын Дәулеткерей Кәпұлы кеш авторымен мектеп, университет кезіндегі естеліктерімен бөлісті.

Журналист Серікбол Хасан.

“Мұнда көп пікір айтылды. Дегенмен ең керемет ой осындағы оқушылардың кітапты, өлеңді оқып айтқан ойлары деп есептеймін. Өйткені бала деген өте талғампаз оқырман ғой. Олардың көңілінен шықты деген сөз, шығарма өте құнды болды деген сөз. “Тастамашы ананы” өзім оқып көрдім. Шынында тамаша дүние болған. Саят ағаға рахмет айтамын”, – деді журналист Серікбол Хасан.

Жыр кешінде Нұр-Сұлтандағы Сәкен Сейфуллин атындағы мектептің оқушылары ақынның өлеңдерін оқып, аудармаларынан алған әсерімен бөлісті.

Башқұртстан өкілі ақын Саят Қамшыгердің өлеңін өз тілінде оқыды.

Саят Қамшыгердің аударма саласындағы алғашқы еңбегі – башқұрт жазушысы Айгиз Баймұхаметовтің “Тастамашы, ана!” (“Не оставляй, мама!”) атты кітабы.

Саят Қамшыгер алғашқы аудармасын жасауына не түрткі болғанын былай баяндады.

Саят Қамшыгер журналистерге сұхбат беріп тұр.

“Осыдан үш жыл бұрын Бакуде өткен түркі ақын-жазушыларының байқауына барған едім. Фестивальге башқұрт халқының жазушысы Айгиз Баймұхаметов те келді. Екеуіміз қонақүйдің бір бөлмесіне бірге қоныстандық. Кетер кезде Айгиз делегаттардың бәріне орысшаға аударылған “Не оставляй, мама!” деген кітабын сыйлады. Қайтып келе жатқан кезде ұшақта Өзбекстаннан келген қыз қайта-қайта су сұрап, жүрегін ұстап, жылап отырды. Мен одан “бір жерің ауырып отыр ма?” деп сұраған кезде қолындағы Айгиз сыйлаған кітабын көрсетіп, “мына кітапты оқығаннан қан қысымым көтеріліп, жылап отырмын” деді. Егер кітап бір адамды жылатып, көңіл-күйіне осылай әсер етсе, демек, ішінде жақсы дүние жазылған деген ой түйдім. Үйге келген соң бұл кітапты келіншегім, қызым мен ұлым таласа жүріп оқып шықты. Олар маған кітапты оқып жылағанын, ішінде балалардың аянышты тағдыры, тәрбие­шілердің өмірі, балалар үйіндегі ұл-қыз­дардың тыныс-тіршілігі туралы жазылғанын айтты. Одан кейін кітапты мен де оқыдым. Оқу барысында бірнеше рет кітаптың оқиғаларына толқып, көз жасымды сығып алған кезім де болды. Содан бұл кітапты қазақ оқырманы да оқуы керек деген тұжырымға келдім. Шыны керек, прозадағы тұңғыш аудармам болғаннан кейін асықпай, жеті-сегіз ай ішінде аударып шықтым”, – деді ол.

Саят Қамшыгер ақын, аудармашы балаларға арналған республикалық “Мөлдір Бұлақ” журналының бас редакторы. Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, “Серпер” жастар сыйлығының лауреаты. “Сары гүл”, “Жүректегі ағыстар”, “Көңіл көктемі”, “Саған…”, атты жыр кітаптарының, “Тастамашы, ана!”, “Ертегісіз өткен балалық”, “Көше балалары” атты аудармалардың  авторы. “Серпер” жастар сыйлығының лауреаты.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз