Қазақстанда қой бағасы қымбаттады. Мамандар мал бағасының өсуіне экспорт себеп екенін айтады.
Шілде айында санақ бойынша елде 22,9 млн қой басы бар екені нақтыланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,6%-ға көп. Оның ішінде 11,8 млн бас халық шаруашылығына, 9,9 млн бас жеке кәсіпкерлер мен фермерлік шаруашылықтарға, 1,2 млн бас ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына тиесілі.
Аймақ бойынша мал басы ең көп өңір Түркістан облысы. Мұнда 5,5 млн ұсақ мал басы бар. Облыста өткен жылмен салыстырғанда қой саны 6,6%-ға өскен.
Мал саны бойынша көш басында Алматы (4,3 млн бас қой, 4,7% өсім) және Жамбыл (3,4 млн бас, 3,7% өсім) облыстары да бар.
Қазақстанда жарты жылда 35,5 мың тонна қой жүні алынған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,2%-ға көп. Оның ішінде 56,1%-ы халық шаруашылығында (19,9 мың тонна жүн, жылына 1,3% өсім), 39,7%-ы жеке және фермерлік шаруашылықтарда (14,1 мың тонна, 2,8% өсім), 4,3%-ы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында (барлығы 1,5 мың тонна, 9,4% өсім) қырқылған.
Осы жылдың қаңтар–маусым аралығында шаруашылықтарда 131,8 мың тонна қой тірідей салмақта сойылған (2,1% өсім) және 65,7 мың тонна сойыс салмақта (жылына 1,9% өсім).
Өткен айда базарлар мен дүкендерде қой етінің бір келісі 2,3 мың теңгеден сатылған. Бұл былтырға қарағанда 14,4%-ға қымбат. Еліміздің ірі қалалары мен мегаполистері арасында ең жоғары баға Нұр-Сұлтан, Алматы (кг үшін 2,9 мың теңгеден) және Қарағанды (кг үшін 2,6 мың теңгеден) қалаларында тіркелді. Ең арзан баға Орал және Петропавлда (кг үшін 1,7 мың теңгеден) тіркелді.
Алматыда бір жылда қой еті бағасы шарықтап кеткен. Бұл қалада бір жылда еттің бағасы 22,6%-ға қымбаттаған. Батыс Қазақстан және Алматы облыстарында да қой етінің құны айтарлықтай өскен.
Қазіргі уақытта елде ұсақ малдың аналық басын сыртқа сатуға тыйым салынып жатыр. Үкімет мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, Қазақстанның қой өсірушілер ұлттық қауымдастығының төрағасы А.Садырбаевтың ұсақ мал экспортына толық тыйым салуды енгізу жөніндегі ұсынысты қарастыруда.