Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс балалар инфекционисі Динагүл Баешева COVID-19 індетіне қатысты бірқатар сұраққа жауап берді. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Коронавирус адамның барлық ағзасына әсер етеді. Дұрыс ем қабылдамаған жағдайда ауру асқынып, мүгедек қылуы немесе өлімге алып келуі әбден мүмкін. Тіпті кей жағдайда иммундық жүйені зақымдап, ағзаға қарсы қояды.
Неліктен бәрі бірдей ауырмайды? Вирус жұқтырғандармен байланыста болғандардың кейбірі жұқтырады, ал енді бірінен мүлде анықталмайды.
“Жұрт арасында ауру жұқпайды деген түсінік болды. Бірақ былтыр ауырмаған адамдар биыл өте ауыр түрде ауырып, кейбірі тіпті қайтыс болып кетті. Сондықтан вирус ешкімге жұқпайды деп айтуға болмайды”, – дейді Динагүл Баешева.
COVID-19-дың салдары қандай болады?
“Бір елде қант диабетімен ауырғандар көбейіп кетті. Ал енді тағы бір ел асқынудан соң мүгедек болып қалуы мүмкін деген шешім шығарып жатыр. Жұрт арасында бұл тұмау тәрізді, ауырып болған соң жазылып кетеді деген ұғым да бар. Бірақ айналып келгенде оның бәрі адамның иммундық жүйесімен, оның өмір сүру салтымен байланысты”, – деді штаттан тыс балалар инфекционисі.
COVID-19 өкпені қалай зақымдайды?
“COVID алдымен адам ағзасында кеудеге зақым келтіреді. Сол себепті оны көбіне компьютерлік томографиямен белгілейді. Зақымданудың төрт дәрежесі бар. Адам ағзасындағы вирустың асқынуы сол дәрежеге байланысты”, – деді дәрігер.
Өкпесі қабынған адамдар жаттығулар жасау арқылы ауруын жеңілдете ала ма? COVID-19 адамның ақыл-есіне қалай әсер етеді?
“Дәрігермен ақылдаса отырып, демалу гимнастикасын жасауы керек. 2021 жылы миына зақым келтірген 13 жастан жоғары бес бала түсті. Миына МРТ түсіргенімізде тамырына зақым келгенін көрдік. Бірақ емдеу жүргізгеннен кейін балалардың ес-түсі орнына келіп, оңалып кетті. Ал одан кейін балалар толық аман-есен жазылып кететіні, емделгеннен кейін қандай ақау қалатыны жөнінде зерттеу жүріп жатыр”, – деп ойын қорытындылады Динагүл Баешева.