6 мамырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар әскери қызметкерлерге мемлекеттік награда, жоғары және арнаулы атақ, сыныптық шендер табыстады.
Президент салтанатты рәсімге қатысушыларды Отан қорғаушы күнімен және жеңіс мейрамымен құттықтап, еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіндегі әскери қызметшілер мен арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің үлесін ерекше атап өтті.
“Биыл Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осы кезеңде әскеріміз айбынды армияға айналды. Қырағы жауынгерлеріміз ел шебін қас қақпай күзетіп тұр. Олар мемлекеттігімізді нығайтуға зор еңбек сіңіруде. Қарулы Күштеріміз – Тәуелсіздіктің мызғымас тұғыры, елдіктің берік қалқаны”, – деді Тоқаев.
Президент Екінші Дүниежүзілік соғыста 500-ге жуық жерлесіміз Кеңес Одағының батыры атанғанын, бірақ көптеген майдангеріміздің ерліктері түрлі себептерге байланысты елеусіз қалғанын еске салды.
Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушы офицерлерге аты аңызға айналған үш ержүрек жауынгердің ерен ерлігі туралы айтты. Бұл майдангерлерге қаза болғаннан кейін бүгін «Халық қаһарманы» атағы берілді.
“Біріншісі – атақты мерген Төлеуғали Әбдібеков. Ол бір өзі майдан даласында 397 жаудың көзін жойған. Бұл ерлік тиісті құжаттармен дәлелденген. Қазақтың қаһарман ұлы қаза тапқаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған. Бірақ, ерлігі ескерусіз қалды. Капитан Александр Несмиянов та ерекше ерлік пен қаһармандық көрсетті. Ол бораған оққа қарамастан, орда бекінген бүкіл батальонды өзімен бірге шабуылға көтерді. Жау қорғанысын бірінші болып бұзған Несмиянов жаудың 20 жауынгерімен жалғыз алысып, 13-інің көзін жойған. Қалғанын бас сауғалауға мәжбүр етті. Кезекті ұрыста ол жау шебінің тылына өтіп, басты қауіпті өзіне бұрды, сөйтіп жаудың қорғаныс шебін серіктерінің бұзып өтуіне мүмкіндік жасады. Ал ротаның екі командирі жараланған соң, басшылықты өз қолына алды. Александр Несмиянов үш рет Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды, бірақ, әр кез оған әділетсіздік жасалып, елеусіз қалды. Жерлесіміз Ыбырайым Сүлейменов те құралайды көзге атқан нағыз мерген болған. Ол бір жылдың ішінде 289 жау әскерін жойды. Бұл ерлік те тарихи деректерде көрсетілген. Қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметова екеуі соңғы демі қалғанша жаумен арпалысып, қаза тапты. Батыр атағына екеуі қатар ұсынылғанымен, Ыбырайым Сүлейменовтің ерлігі жоғары деңгейде бағаланбады”, – деді президент.