Белгілі экономисттен Түркия елшісіне ашық хат

0
130
фото фейсбук парақшасынан алынды

Белгілі қазақстандық экономист Олжас Худайбергенов, таяуда әлеуметтік желіде Қазақстан Республикасындағы Түркия мемлекетінің елшісі Невзат Уяныкқа жазған ашық хатын жариялады. Олжас Худайбергенов жазбасында саясат құрбанына айналған ҚТЛ-де жұмыс істейтін түркиялық мұғалімдердің жағдайына назар аударып, Түркия елшілігінің өз отандастарына жасаған қисынға сай келмейтін әрекеттерін сынады. Қазақстанның атқарушы билік органдарының бұл білім ордалары туралы жасаған ресми мәлімдемелеріне қарамастан, Түркия елшілігінің қазақ елінің мемлекеттік істеріне араласып жүргенін алға тартып, көптің көкейінде жүрген ҚТЛ-дік оқушылар, мұғалімдер және ата-аналарды алаңдатар сауалдарды бағыттады. Сонымен қатар, ел арасында жүрген қауесеттерге де жауап беруін сұрады.

Елшіге жазған хатының көшірмесін Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Жақып Асанов пен Сыртқы істер Министрі Қайрат Абдрахмановқа да жіберілгені мәлім болды.

Төменде Олжас Худайбергеновтың ашық хатының толық мәтіні:

 

Қазақстан Республикасындағы Түркия мемлекетінің елшісі Невзат Уянык мырзаға

Көшірмесі:

Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Ж.К.Асанов мырзаға

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер Министрі К.К.Абдрахманов мырзаға

 

Ашық хат

 

Құрметті  Невзат Уянык мырза!

1991 жылы, КСРО ыдыраған кезде, Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін  ең алғаш болып Түркия мемлекеті  мойындады.  Сол уақыттан бері осы мемлекеттер ішінде орын алған кез келген саяси жағдайларға қарамастан, екі ел арасындағы ынтымақтастық әрдайым нығаю жолында. Сондай-ақ, білім беру саласындағы қарым-қатынастарымыз да ерекше дамыды.  А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің (МКТУ), кейіннен барлық саны 27-ге жеткен қазақ-түрік лицейлерінің (КТЛ) ашылуы – соның айқын дәлелі.

Мен  ХҚТУ(МКТУ)-дің түлегімін, дегенмен ешқашан КТЛ-де оқыған емеспін. Әйтсе де осы лицейлерде білім алған көптеген досым бар. Сондықтан да осы екі білім беру жүйесі мен өзімнің арамдағы ерекшеліктерді  салыстыруға, танып-білуге тамаша мүмкіндіктерім болды.

Осы екі білім жүйесі де қазақстандық және түркиялық биліктің ресми қолдауымен ашылған.

Елбасы “Нұрорда” мектебінде.

Коммерциялық кірістер есебі бойынша, ХҚТУ (МКТУ) негізінен Түркия өкіметі тарапынан қаржыландырылса, барлық КТЛ-дер қазақстандық мемлекеттік бюджет есебінен, сонымен қатар қазақстандық кәсіпкерлердің (90%-дан астам) демеушілігімен қаржыландырылады.

Ал енді түркиялық оқытушылар жайына келсек, олардың саны ХҚТУ(МКТУ)-де үнемі артып отырды, тіпті оқыту үрдісіндегі түрік тілінің маңызының артуы кейде ішкі жағымсыз жағдаяттардың туындауына да мұрындық болды. Қазақ-түрік лицейлерінде ең басынан оқыту төрт тілде (қазақ тілі, ағылшын тілі, орыс тілі, түрік тілі) болып белгіленгендіктен, бұл тілдердің пропорциясы жылма-жыл қатаң сақталып, өз маңызына қашан да ие, ал бұл мектептердегі түрік мұғалімдерінің саны біртіндеп азайды.

2007 жылдың өзінде түрік оқытушыларының үлес салмағы 20%-ға азайса, ал бүгінде олардың барлық саны шамамен 8%-ды құрайды.

Ашып айтар болсақ, бүгінде қалған оқытушылар ішінде, Қазақстанда 10 жылдан астам уақыт тұратындар немесе олардың тең жартысынан көбі мүлде 1990 жылы келген мұғалімдер. Кейбіреулері жанұясымен келсе, кейбіреулері осында отбасын құрғандар, ең маңыздысы, барлығының да балалары Қазақстанда дүниеге келген. Шындығына келгенде, олар Қазақстан халқының бір бөлігі болып, біздің елдің азаматтарына айналды, тіпті кейбіреулері Қазақстан азаматтығын да алған.

Қазақ-түрік лицейлерінің арқасында қазақстандық 35 мың оқушы тамаша білім алып шықса, олардың 95%-ның қазақ балалары екенін айта кеткен жөн. Бұл оқушылар соңғы 20 жыл ішіндегі жалпы мектеп пәндерінен өткізілетін пәндік және зияткерлік бағыттағы республикалық, сондай-ақ халықаралық олимпиадаларда Қазақстан қоржынына түскен жүлделердің 90%-на ие болып отыр.

Елбасын қуантқан ҚТЛ-дың дарынды оқушылары.

Бұл таңғажайып жетістіктермен Қазақстанның беделі көтерілді, қазақстандық балалар біздің ұлтымыздың өте жоғары зияткерлік мүмкіндіктерін көрсетті. Әрине, бұл нәтиже аз шығынмен білімдегі тиімділігін дәлелдеген және мол табыстың көзін көрсеткен қазақ-түрік лицейлерінің керемет моделіне тиесілі.

Осындай мол нәтиженің басында, әрине, 1990 жылдары келген, аздаған жалақыға еңбек еткен, қазақ-түрік лицейлерінің алғаш құрылған және аяққа тұрып келе жатқан кезеңдерінде бар өмірі мен жан -жүрегін арнап, күш-қайратын беріп, қазақстандық балалардың сапалы білім алып және дұрыс құндылықтар негізінде, ең бастысы, шынайы әрі сөнбейтін патриотизмге, қоғамға қызмет етуге, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге, жақыныңа жәрдем беруге тәрбиелеген түрік мұғалімдерінің тұрғаны анық.

Сондай түрік мұғалімдерінің ішіндегі ең жарқын үлгінің бірі – Байрам Кенжи. Ол Қазақстанға 1996 жылы небәрі 23 жасында келген. 2001 жылы Түркия азаматшасына үйленіп, екі егіз баласы 2005 жылы Стамбулда өмірге келсе, үшінші баласы 2007 жылы Алматы қаласында дүние есігін ашты. Алғашқы жұмыс жолын Қостанай лицейінен бастаған ол бірінші күннен бастап лицейліктерді олимпиадаға дайындай бастады. 1998 жылы-ақ оқушыларының бірі Ануар Несібелдин республикалық олимпиаданың жеңімпазы болып, 1999 жылы биология пәнінен Швецияда өткен халықаралық олимпиадада қола медальды иеленді. 1996 – 2002 оқу жылдары аралығында биологиядан барлығы 56 оқушысы әр түрлі медальға ие болса, солардың ішінде халықарлық “International Biology Olympiad” олимпиадасында 7 оқушысы медальға ие.  Осы жетістіктеріне байланысты, 2002 жылы небәрі 28 жасында оны олимпиада жұмыстарының  координаторы етіп тағайындалды. Содан бері Байрам Кенженің басқаруымен лицейліктер республикалық және халықаралық олимпиадаларда 1000–нан астам медальға ие болса, ал халықаралық жарыстардың командалық есебі бойынша Қазақстан 50-ден астам мемлекеттер ішінде әрдайым екінші, үшінші орындарға ие болып келді. 2015 жылы сол кездегі Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов оны педагогикалық үрдісті ұтымды ұйымдастырып, ұдайы жетілдіріп, дамытудағы ерен еңбегі үшін еліміздің білім саласындағы ең үздік марапаты “Ыбырай Алтынсарин” төсбелгісімен марапаттады. Ал қазіргі жағдайы ше?

Байрам Кенжи – 28 жасында 7 оқушысы халықарлық биология олимпиадасында (International Biology Olympiad) медальға ие болған дарынды ұстаз.

Сіздің өтінішіңіз бойынша оның визасын ұзартпады, соның салдарынан ол жақында кезекті сапарынан кейін Қазақстанға қайта кіре алмады. Жанұясы осында қалса, ал мұғалім күнкөріске еш қаражатсыз шетелде қалды.

Сондай мұғалімдердің біреуі – Енес Куртай Чыг. Ол 1993 жылы мүлде көшіп келген, қазақстандық ЖОО-да білім алған, осында үйленген және балаларының барлығы да Қазақстанда туған. Ол да өзінің жарқын нәтижелерімен қазақ-түрік лицейлерінде қызмет атқарды. Оның жүздеген оқушысы халықаралық олимпиадаларда жеңіске жетті. Сол үшін де Қазақстан үкіметі оны “Жыл Мұғалімі” деген атқа лайық көріп, “Білім беру ісінің Үздігі” төсбелгісімен марапаттады. Ол жақында AlmaU университетіне орналасқан еді, сайып келгенде, Сіздің өтінішіңіз бойынша оның да визасы ұзартылмай, дәл қазір ол да депортацияны күтуде.

Немесе тағы бір мысал: Орхан Ахмет Озтомсук. Ол да  Қазақстанға  1995 жылы келіп, қазақстандық ЖОО-да білім алып, осында шаңырақ құрған, барлық баласы да қазақ жерінде дүниеге келген. Оның да еселі еңбегі арқасында жүздеген лицей оқушысы халықаралық олимпиадаларда жеңіс тұғырына көтерілді. Бұл түріктердің барлығы да жан-жүрегімен Қазақстан азаматтығын қабылдағандар, тек уақытында аса мән бермей, бос әуреге балап, азаматтықты рәсімдеп үлгермегендер. Алайда, бұл формальді бос әуре емес, бекер іске айналды.

Түркияның ресми билігі мемлекеттік төңкеріс әрекеті деп қарастырған 2016 жылдың жазында Анкарада болған оқиғалардан кейін Анкара бірқатар түбегейлі шаралар қабылдады. Түркия Әділет Министрлігінің мәліметі бойынша, 2017 жылдың маусым айына дейін 24 губернатор, 169 генерал, 2431 сот, 7098 офицер және басқа да мемлекеттік басқару жүйесіндегі 40 мың адам тұтқындалды.

Бұдан басқа 170 мыңға жуық адамға қарсы қылмыстық іс қозғалды, олардың көбісі университеттер мен мектептердің бұрынғы мұғалімдері, соның ішінде олардың әйелдері мен балалары да бар. Және де 700-800 мыңға жуық адам жұмыстан шығарылды немесе қысқартылды.

Менің болып  жатқан істердің әділдігімен келіспеуіме немесе шындығында да осыншама адамның төңкеріске қатысы бар болуы мүмкін бе деп ойлауыма, немесе осындай көп адамдардың қатысы болса да,  төңкерістің  болмағанына таңданысымды білдіруіме, немесе түрік билігіне Гүленді және оның ең жақын әріптестерін отырғызып, басқаларға тыныштық беруін айтуыма болады, дегенмен мен оны Түркияның ішкі істері деп есептеп, бұл мәселелерді  Түркияның ресми билік органдарының қарауына қалдырамын.

Бірақ  мен дәл осы сияқты түрік билігінің Қазақстанның ішкі істеріне араласуына қарсымын.

қазақ-түрік лицейлеріне қабылдау емтиханы

Сіз өткен жылдың шілдесінде бұл лицейлер ресми түрік билігі тарапынан мақұлданбаған деген дәлелсіз ақпарат келтіру арқылы қазақ-түрік лицейлерінің жұмыс істеу заңдылығына күмән туғызуға тырыстыңыз.

Сіз, елшi ретiнде, екi ел тарихында алғаш рет iшкi саяси жағдайларды алға тартып, бұрын мақұлданған игі бастамалардың бағасын өзгертуге тырысу арқылы өте үлкен қателік жібергеніңізді түсiнуіңіз керек. Өз жауабыңызға өте көп қоғамдық теріс пікірлер білдірілген соң, Сіз өз мәлімдемеңізден бас тарттыңыз.

Осы бастамадан кейін сіз мені өзіңіздің кездесуіңізге шақырдыңыз, онда басқа да көптеген қоғамдық қайраткерлер бар еді, онда менің бұрынғы  KATEV (қазіргі кезде жұмыс істемейді) жүйесінің бөлігі болып табылатын Қамқоршылық кеңесі ұйымына кірсем, Сіз түрік мұғалімдерінің проблемаларын шешуге көмектесетініңіз жайлы келіскен болатынбыз.

Шындығында, елшілік әр түрлі сылтаулармен визаны ұзартпады және мұғалімдерге немесе олардың отбасыларына, соның ішінде балаларға төлқұжаттар бермеді.

Мен Қамқоршылар кеңесіне кірдім, бірақ мұғалімдердің проблемаларының шешілгенін көргенім жоқ. Мен бірнеше рет Бурак Карааслан (түрік кәсіпкері, сізбен кездесуіме мұрындық болған) арқылы сізбен хабарласуға тырыстым, бірақ бұл мәселе сол қалпында шешілмеді.

Кезіндегі 200-ден астам түрік оқытушысынан қазіргі кезде тек 30 шақтысы қалып отыр. Қазақстанда тек ертеректе келіп, осында үйленіп, осында балалы-шағалы болып, қазақ халқының бір бөлігіне айналған және көпшіліктің алдында өз беделімен, еңбегімен танылған оқытушылар ғана қалды. Осындай жағдайды көре отырып, лицей оқушылары да, осы мұғалімдердің тек жақсы қасиеттерін көрген басқалар да бұл мұғалімдерді өздерінің проблемаларымен жалғыз қалдыруға құқығы жоқ.

Сондықтан да біз бұл азаматтардың Қазақстанда қалып, азаматтық алуына немесе, ең болмағанда, жұмыстарын жалғастыра алатын жерлерге  кетуіне көмек жасауға бар мүмкіндігімізді саламыз.

қазақ-түрік лицейлеріне қабылдау емтиханы

Қазір бұл мұғалімдердің мынандай қиындықтары бар:

  1. Оқытушылардың визаларын ұзартпайды немесе төлқұжаттарының жарамдылық мерзімінің аяқталуына байланысты жаңа төлқұжат бермейді. Мұғалімдердің өздеріне берілмегені сияқты әйеліне де, баласына да құжаттар берілмей отыр. Жақын арада дүниеге келген сәбилеріне де төлқұжат бермеу жағдайлары да орын алып келеді. Егер де елшілік балалары арқылы мұғалімдерді Түркияға қайтуға мәжбүрлесе, бұндай балалар арқылы бопсалау әдісі – бұл елшіліктің ең опасыз, әрі жиіркенішті шешімі.
  2. Түрік мұғалімдерінің Қазақстан азаматтығын алуына жол бермеу үшін барлық қажетті әрекеттер жасалуда. Оларға азаматтыққа тек босқындар ретінде өтініш беру жолы қалып отыр, бірақ бұл жағдайдағы ресми рәсімдеу үрдісі күрделірек.
  3. Мұғалімдердің Қазақстаннан Түркияға депортацияланбауы үшін басқа да үшінші елдерге кетуіне жол бермеу үшін барлық қажетті шаралар жасалуда.
  4. Түркияға қайтқан мұғалімдер ойластырылған себептерге байланысты түрмеде отыр.

Бұл жағдайдағы шешім қарапайым: мұғалімдерге түрік азаматтығынан бас тартып, Қазақстан азаматтығын алуға көмектесу мүмкіндігін беру. Осындай шешім мәселені шынымен шеше алады, Сіздің біздің еліміздің ішкі істеріне араласпауға және қазақстандық оқушылар мен олардың ата-аналарына қиындық туғызбауға деген ниетіңізді растайды. КТЛ-дің бұрынғы барлық мұғалімдері мен лицей шәкірттерінің төңкеріске қатысы бар деген жаңсақ пікірдегі насихатыңыздың жалғасуы болашақта жалпы қазақстандық мұғалімдерді, лицей оқушыларын және олардың ата-аналарын  осындай  айыптауларға әкеліп соқтыруына жол ашады. Бұл Сіздің Түркияның ішкі мәселелерін Қазақстанға алып келіп, біздің еліміздің азаматтарына қасақана зиян келтіріп жатқаныңызды білдіреді. Мен сындарлы шешімнің жүзеге асатынына үміттенемін. Осы шешімнің тез арада жүзеге асуы мүмкін болған кезде, Сізден жауап беруіңізді сұраймын.

Сенаттың қауіпсіздік комитеті басшысы Дариға Назарбаева ҚТЛ ұйымдастырған білім көрмесінде

Сондай-ақ, тікелей жауабын алғым келетін бірнеше сұрақтарым бар:

  1. Лицейлердің атаулары өзгертіліп, түрік азаматтарына немесе коммерциялық құрылымдарға тиесілі емес деп заңды құжаттары ұсынылғаннан кейін де  Білім және ғылым министрлігінен және басқа мемлекеттік органдардан үнемі лицейлерді жабу жайында  жазбаша және ауызша түрде талап етіп жүргеніңіз туралы сыбыстар қаншалықты шындыққа жанасады?
  2. Түрік елшілігі барлық түрік мұғалімдерін еліне қайтару міндетін табысты жүзеге асыру үшін қазақстандық шенеуніктерді «сатып алуға» тырысып жатыр деген сөз қаншалықты дұрыс?
  3. Сіздің айналаңызда түрік оқытушыларымен кездесіп, психологиялық қысым көрсетіп, барлық шараларды қабылдайтынын айтып бопсалайтын, қоқан-лоқы көрсететін, қажет болса, заңсыз әрекеттерге де баратын түрік кәсіпкерлерінен құрылған түрік мамандарының (арнайы қызметтердің агенттері) арнайы желісінің бары рас па?
  4. Осында қалған барлық мұғалім Түркияға келген сәтте түрмеге отырады деген қауесет қаншалықты шындық?

Өкінішке орай, қазақ-түрік лицейлеріне қысым жасаған осы  оқиғалар қазақ халқына және лицейлердің құрылымы туралы жақсы білетін мемлекеттік басқару жүйесіне деген құрметтемеудің көрінісі болып табылады.

Енді Сіздің еліміздің ішкі істеріне араласудағы тоқтаусыз талпынысыңыздың арқасында ұзақ уақыт бойы Қазақстан тарапынан қаржыландырылатын,  «түрік» деген атау тек түрік халқының кезіндегі қазақстандық білім беру жүйесіне қосқан үлесіне құрмет ретінде қалдырылған қазақ-түрік лицейлері  атын өзгертті, олар енді «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ лицейлері» (БИЛ) деп аталады. Түркиямен байланысты барлық нәрселерге қатысты оң бастамалар арқылы түлектерден, олардың отбасыларынан, түптеп келгенде, бүкіл қазақ халқынан үлкен алғыс алудың орнына енді Сіздің арқаңызда түрік халқының осы күнге дейінгі зор үлесі лицейлердің атымен  бірге  келмеске кетіп, «0»-ге  тең болып отыр.

Шындығында, қазақ халқы, ең бірінші кезекте барлық лицей оқушыларының ата-аналары түрік мұғалімдерінің арқасында түрік халқын шын сүйеді және Түркияға шын жүректен мейірімділікпен қарайды.

Менің ойымша, тарихтың өз маятниктері бар және кез келген саяси іс-шаралар ерте ме, кеш пе, қайта бағаланады.

Егер ертең Түркиядағы жағдай өзгерсе және ресми билік бүгінгі күнде Гүленнің жақтастарын қудалағандардың өзін қудаласа, сондай-ақ олардың еркінсіз Гүленнің жақтастары атандырып, жазықсыз жапа шектіргендерге  қарсы шықса, түрік билеушілерінің кез келген ішкі саяси күресінің  Қазақстан аумағында да болу мүмкіндігін қаламаймыз, себебі тағы да біздің еліміз қысымға ұшырап, ал азаматтарымыз түрік билігінің талаптарына сай келу үшін еріксіз сатқындыққа бару-бармау жолын таңдауға мәжбүр болуын қаламаймыз.

Бәрі де бұрынғыдай болуға тиіс, ішкі саяси оқиғалар кез келген  деңгейдегі елдер арасындағы қатынастарға әсер етпеуі керек.

 

Құрметпен,

Олжас Худайбергенов

Нұр-Орда мектеп-лицейінің Қамқоршылық кеңесінің мүшесі

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз