Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингіде Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев мерзімді әскерге шақырылатындар туралы ақпаратпен бөлісті.
Дархан Ахмадиевтің айтуынша әскерге шақырылатын шекті жастан асып, алайда әскери қызмет өткермеген азаматтар әскери билетті алу қажеттілігінен босатылады. Бұл бастама бюджет қаражатына жүктемені азайтады, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін айтарлықтай төмендетеді.
«Бұрын әскери борышын өтемегендер әскери билетін алуға келуі керек еді. Сонымен қатар, бұл әскери билет жоғалған кезде олар айыппұл төлеуге міндетті еді. Қазір біз бұл ережені алып тастадық. Әр азаматтың жеке кабинетінде әскери міндеттіліктің мәртебесі болады, яғни цифрландырудың арқасында біз осындай нәтижелерге қол жеткізе алдық», — деді қорғаныс министрінің орынбасары.
Министрдің орынбасары кейінгі уақытта көбейіп кеткен әскердегі суицид туралы «Ақ-сұңқар» әмбебап психодиагностикалық кешенінің мүмкіндіктерін айтты.
«Қарулы Күштердегі суицидтік мінез-құлыққа және басқа да девиантты мінез-құлыққа бейім адамдарды уақтылы анықтауға арналған «Ақ-сұңқар» әмбебап психодиагностикалық кешендерін енгізіліп жатыр. Кешенде 60-тан астам психологиялық құралдар базасы бар және ол психологиялық зерттеу нәтижелерін автоматты түрде өңдеуге мүмкіндік береді. Сырттан араласуға, яғни нәтижелерді бұрмалауға жол берілмейді, фото-видео жазба жасау, сондай-ақ адамның психофизиологиялық көрсеткіштерін өлшеу жүргізеді. Кейіннен осы кешендерді әскери оқу орындарына және келісімшарт бойынша әскери қызметке кәсіби және психологиялық іріктеу барысында қолдану жоспарлануда», – деп тоқталды Дархан Ахмедиев ОКҚ-да өткен брифнгіде.
Сондай-ақ спикер 17 жастағы балаларды автоматты түрге әскери есепке қоюдан 1 млрд теңге үнемделетінін айтты.
Одан кейін Ахмадиев, «Срочники 2.0» жобасының қалай іске асып жатқанын мәлім етті.
«Білім беру жеңілдіктерін беру арқылы мерзімді әскери қызметтің уәждемесін арттыру бойынша «Срочники 2.0» жобасы іске асырылды. «Срочники 2.0» цифрлық платформасы еліміздің жоғары оқу орны есебінен білім алу үшін мерзімді қызметтің әскери қызметшілері арасында конкурстық іріктеу жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл жүйеде мерзімді әскери қызметшілердің барлық бағаларын оларды ауыстыру мүмкіндігінсіз көрсетіледі. Жүйе мерзімді әскери қызметшілердің рейтингін олардың қорытынды бағалары бойынша автоматты түрде құрастырады және автоматты түрде жоғары оқу орындарына таратады», – деп түсіндірді.
Министрдің орынбасары атап өткендей, мерзімді әскери міндетін өтеген азаматтарға мына жеңілдіктер ұсынылады:
– қызмет аяқталғаннан кейін 2 жыл ішінде ақылы негізде ҰБТ-ны есептемегенде жоғары оқу орнына (ЖОО) түсу;
– ҰБТ есебінсіз ЖОО есебінен өтеусіз негізде жауынгерлік даярлық және әскери тәртіп бойынша жоғары нәтиже көрсеткен тұлғалардың ЖОО-ға түсуі;
– ЖОО әскери кафедрасына түсу емтихандарынсыз, өтеусіз негізде түсу (яғни, азамат ЖОО-да ақылы немесе тегін білім алады);
– Қорғаныс министрлігінің жоғары оқу орындарына емтихан тапсырмай түсу. Оларды Қарушы Күштердің әскери бөлімдерінде бұрын жүргізілген қабылдау нәтижелері бойынша жүзеге асырылады.
«Білім алу үшін 1500 орын бөлінді, ішінде Қорғаныс министрлігінің жоғары оқу орындарында – 850 орын. Жалпы конкурстық іріктеуге 12 548 сарбаз қатысты», – деп тоқталды Дархан Ахмедиев.
Ахмадиевтің айтуынша әскери міндетін орындауды кейінге қалдыру үшін жалған анықтама жасағандар анықталған.
«Мен бұған дейін 1 наурыздан бастап оқу орындарындағы 300 мыңнан астам оқушыға автоматты режимде шақыруды кейінге қалдыру туралы мәлімдегенімдей, көктемгі шақыру компаниясының қорытындысы да өзінің тиімділігін көрсетті. Сонымен қатар, жағымсыз жақтары да анықталды, оларды жою болашақта осы жұмыстың нәтижелеріне оң әсер етеді. Мысалы, оқу туралы жалған анықтамаларды ұсыну жағдайлары анықталды. Олардың негізінде белгілі бір сыйақы үшін осындай анықтамаларды беру бойынша заңсыз қызметпен айналысатын адамдар анықталды. Бұл ақпарат құзыретті органдарға берілді. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр», – деп мәлім етті Дархан Ахмедиев.
Спикер атап өткендей, бір мезгілде әр түрлі өңірлердегі екі жоғары оқу орында оқитын азаматтар анықталған. Дархан Ахмедиевтің дерегінше, бұл мәселелер Ғылым және жоғары білім министрлігімен талқыланып, шешу жолдары қарастырылған.