Ranking мәліметі бойынша биыл тамызда қазақстандық банктердің несие портфелі 26,4 трлн теңгені құраған. Бұл шілде айымен салыстырғанда 1,9 пайызға артық.
Айлық несиесін уақытылы төлемегендер себебінен жиналған қарыз өз кезегінде 1,2 трлн теңгеге жеткен. Ал, бұл бір ай бұрынғыдан 2,9 пайызға артық.
Тұтынушысы айлық несиесін ең аз кешіктіретін банктер қатарында Bank RBK және Jusan Bank бар. Ал, өзге екінші деңгейлі сегіз банкте мерзімі өткен несие көлемі ұлғайған. Көрсеткіш ең қатты көбейген банктер ЦентрКредит банкі (бір айда 34,6% көбейген) және Фридом Финанс Қазақстан банкі (18,1% көбейген).
90 күннен астам кешіктірілген «ұзақ» төлемдерге келетін болсақ (NPL 90+), мұнда теріс көрсеткіш бір айда жалпы банк секторы бойынша 4,3% өсіп, 889 млрд теңгеге жетті.
Bank RBK осы сегментте де көшбасшы: бірден 8,7% азайтып, 29,6 млрд теңгеге дейін төмендетті. Бір ай бұрын көрсеткіш несие портфелінің 3,54%-ы болса, қазір 3,21%-ы ғана — ҚР ЕДБ арасындағы ең жақсы көрсеткіштердің бірі.
Jusan Bank «ұзақ» кешіктірілген қарыздарды қысқартудан екінші орынды иеленді: бір айда 3,9% азайтып, 115,4 млрд теңгеге дейін түсірді. Бір ай бұрын көрсеткіш несие портфелінің 9,51%-ы болса, қазір 9,43%-ы.
Ай сайынғы динамика бойынша NPL 90+ көлемін төмендеткен екінші деңгейдегі банктер қатарында Еуразиялық Банк (2,6%), Halyk Bank (1,9%) және ЦентрКредит банкі (0,4%) бар.