Қоқыс тапсыр да, табыс тап: Үкімет қалдықты басқарудың жаңа жүйесіне көшуге ниетті

0
46
Фото: ecodao.ru

Қазақстан біраз уақыттан бері қалдықты басқарудың тиімді жүйесін іздеп келеді. Бұл мәселеге Тоқаев та назар аударып, Үкіметке ұлттық экологиялық стандарттарды әлемдік стандарттарға сәйкестендіруді тапсырған болатын.

Осы мақсатта Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Литва елшісі Эгидиюс Навикаспен кездескен болатын. Литва сусындардың бөтелкелері үшін өтемақыны халыққа депозит түрінде қайтарудың (Deposite Refund System) нәтижелі технологиясын енгізуді ұсынған, деп хабарлайды kazaknews тілшісі inbusiness-ке сілтеме жасап.

Экология министрі бұл жобаға қызығушылық білдіріп, Литва елшісімен осы мәселе бойынша өзара іс-қимылды жалғастыруға уағдаласты.

Алайда сарапшылар бұл жүйенің бізге жарамауы мүмкін екенін айтады.

Ғалым, экономист Людмила Совиктің пікірінше, Еуропада қолданылатын депозиттік-қайтару жүйесі халықтың қалтасына қосымша салмақ түсіреді. Олай болса, Қазақстанға жарамауы мүмкін.

Бұл жүйе бойынша, белгілі бір қалдық түрлері, соның ішінде қаптамалар “қара тізімге” енеді. Сол тізімдегі қаптамаларға құйылған өнімді алған тұтынушы тауардың құнынан бөлек, “депозиттік-қайтару жүйесінің кепілі” деп аталатын қосымша ақы төлеуі тиіс болады. Ал ол ақыны қайтарып алу үшін қалдықты утилизацияға қайтаруы керек болады.

Осы жүйе арқылы бір жағынан азаматтардың экологиялық жауапкершілігі артса, екінші жағынан мемлекет өзіне жетіспейтін шикізаттың қосымша көлеміне қол жеткізеді.

Бірақ сарапшының айтуынша, бұл жүйе мен схема тек дамыған немесе шағын елдерде ғана нақты, тұрақты жұмыс істейді.

“Қазіргі заманда жалғыз сусындар ғана емес, көптеген азық-түлік, майонезің, балың, басқасының бәрі не пластик, немесе шыны ыдыста сатылады. Қалдықты басқару жүйесі олардың бағасының өсуіне қосымша серпін берсе, бұл қымбатшылық пен тұрмыстың тауқыметтен онсыз да титықтаған халықтың наразылығын ушықтыруы мүмкін”, – дейді сарапшы.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз