Deutsche Welle (DW) басылымы өткен апта Германияның Мюнхен қаласында ұйымдастырылған қауіпсіздік мәселелері бойынша конференцияны (Munich Security Conference) қорытындылады. Пікірталастардың атышулы ДАИШ ұйымына қатысты бөлімінде террор ұйымының көзі жойылғанымен, оның идеологиясынан туындайтын қауіптің әлі де болса жалғасып жатқаны атап өтілді.
DW тілшісі Дегер Акалдың хабарлауынша, Мюнхен Қауіпсіздік Конференциясында «халифат» және «джихад» ұғымдарына қатысты қызу пікірталас туындады.
«Халифаттан кейінгі джихадизм» тақырыбындағы отырыстарға спикер ретінде Германия Ішкі істер министрі Томас де Майзер, Америка Құрама Штаттарының (АҚШ) Ұлттық барлау қызметінің директоры Дэн Коутс, Мысыр Сыртқы істер министрі Самих Шукри, Тунис Сыртқы істер министрі Хамис әл Джихинави, Нигерия президентінің ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша кеңесшісі Бабагана Монгуно және Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) қауіпсіздік мәселелері бойынша коммисары Юлиан Кинг қатысты.
«ЛИБЕРАЛ ИСЛАМ ҰҒЫМЫНЫҢ КҮШЕЮІ РАДИКАЛДАРМЕН КҮРЕСТЕН ДЕ МАҢЫЗДЫ»
Германия Ішкі істер министрі Томас де Майзердің айтуынша, түбінде, Сирия мен Иракта жүргізіліп жатқан әскери операциялардың нәтижесінде, ДАИШ күйрейді. Алайда Еуропаға қайтқысы келетін «шетелдік джихадшылардан» келер қауіпке дайын болған жөн.
де Майзер, сондай-ақ, ДАИШ-пен күресте қауіпсіздік шараларының жеткіліксіз болатынын атап өтті. Оның айтуынша, радикалдандыруды болдырмау үшін, алдымен, террор ұйымының неге негізделгені түбегейлі зерттелуі тиіс. Содан кейін барып, нақты қадамдар жасалуы керек.
«Либерал ислам ұғымының күшеюі радикалдармен күрестен де маңызды» деген неміс министр радикализмге жол ашатын жәйттарды санап берді:
— Кедейлік, жаман басшылар, сүннилер мен шииттер арасындағы күрес, бұл әрине, Таяу Шығыс мәселесі, Батыстың экономикалық артықшылығы, бұның бәрі жастардың радикалдануына әкеліп соқтырған себептер болып табылады. Бұлар ешқашан сылтау немесе негіздеме бола алмайды. Біздің міндетіміз – алдын алу жұмыстары.
«ДАИШ-тың ЖҮРЕГІНЕ ҚАЗЫҚ ҚАҚТЫҚ»
АҚШ-тың Ұлттық барлау қызметінің директоры Дэн Коутс ДАИШ-тың халифатына тықыр таянғанын «ДАИШ-тың жүрегіне қазық қақтық» деген тіркеспен жеткізді.
Д. Коутстың айтуынша, әскери саладағы табыстарға қарамастан, ДАИШ пен оның идеологиясына қарсы ұзақ мерзімді күрес қажет. Ал бұл процестің де табысты болуы үшін қайсарлық және табандылықпен қатар, барлау қызметтері арасында ынтымақтастық пен ақпарат алмасудың маңыздылығы атап өтілді.
ДАИШ барда ұйқы тыныштығының жоқ екенін мәлімдеген АҚШ-тық маман:
— Өйткені ДАИШ – жай террор ұйымы ғана емес, ол идеология, тіпті теология десеңіз де болады. Майданда жеңілгенмен, болмысын сақтай алады. Әлем бойынша үмітінен айырылған азаматтардың басын айналдырады, менің пайымдауымша, олар Құрандағы бұрмаланған түсініктемеге (міндетті түрде жүзеге асуы тиіс) сәуегейлік деп қарайды, – деген пікір білдірді.
Коммунизмнің бұл режимде өмір сүрген азаматтардың күшімен құлағанан атап өткен Д. Коутстың айтуынша, ДАИШ идеологиясының бір ғана жағдайда күйрейді. Егер де Ислам әлемі – ғалымдары, әсіресе Араб әлемінің беделді ислам ғұламалары, имамдар мен қарапайым адамдар – «Бұл Құранның қате түсініктемесі», «Жә, жетер!» деп тыяр болса, қауіпті идеологияның тас-талқаны шығады.
«ДЖИХАД – СОҒЫС ЕМЕС, ІЗГІ АМАЛ»
Сонымен қатар, аталмыш жиында «халифат» және «джихад» ұғымдарына қатысты қызу пікірталас туындады. Нигериялық Бабагана Монгуно осы екі ұғымның қате қолданылып жүргенін айтып, наразылығын білдірді.
Б. Монгуноның айтуынша, ислам дінінде «джихад» деген ұғым қалыптасқан өркениетті жойып, адамзаттың көзін жоюды білдірмейді, бір Алланың ризалығы үшін ізгі істерді жасауды білдіреді.
Мысырлық Сыртқы істер министрі С.Шукридің пайымынша, ДАИШ өз сапына адам тарту үшін «джихад» және «халифат» ұғымдарын арам ниеттеріне құрал етті.
Тыңдаушылар арасынан сөз алған Араб лигасының бас хатшысы Ахмед Әбул Ғайт ДАИШ пен оның идеологиясын сипаттауда «джихад» ұғымының қолданылмауы керек екенін баса айтты. Әбул Ғайттың сөзінше, мұсылмандар үшін «джихад» – киелі ұғым, Алла жолында қызмет етуді білдіреді, жұмаққа баратын адамды сипаттарда қолданылады, ал ДАИШ-тың қандықол қылмыскерлері мен олардың жымысқы жақтаушылары үшін тозаққа баратын такфиршілер ұғымы қолданылғаны абзал.
Бұл ұсынысты батыстық мамандар да қолдады. Америкалық барлау қызметі басшсы Д.Коутс «өздеріне таңсық, мүлдем өзгеше мәдениет иелерін суреттеуде сөздік тіркестердің қате қолданылған болуы мүмкін» екенін мойындады. Ал Германиялық министр де Майзердың ойынша, «джихадшы» ұғымының бұрыс мағынада қолданылуы – қате, оның орнына «террорист», «қылмыскер» сөздерін пайдаланған дұрыс. де Майзер, сондай-ақ, ислам дінінің философиясына қайшы ДАИШ террор ұйымын «Ислам мемлекеті» деп атаудың өзінің бұрыс екенін атап өтті.
Ерлан Мұқан