«FOX News»: Аналарымен бірге абақтыға жабылған сәбилердің не жазығы бар?

0
91

Американың танымал ақпараттық арнасы FOX News-те журналист Холли МакКей (Hollie McKay) Түркияда жазықсыз түрмеге қамалған мыңдаған әйел мен сәбидің өміріне қатысты ақпарат таратты.

Гүлен құрған «Қызмет» қозғалысына қатысы бар деген күдікпен абақтыға жабылған аналар мен сәбилерді басты нысанаға алған американ журналист қудалаудың кесірінен Түркиядан кетуге мәжбүр болған аналарды да қатыстыра отырып, хабар дайындаған. Түрік елінде 17 мың әйел мен 600-ге жуық сәбидің түрмеде отырғандығы жайлы ақпарат бұған дейін қазақ баспасөзінде де жарық көрген болатын.

ХАБАРДЫҢ ҰЗЫН ЫРҒАСЫ..

Өткен жылы 32 жастағы балабақша мұғалімі және екі баланың анасы Айша таңертеңгілік балаларын мектепке шығарып салған кезде Ыстамбұлда жапалақтап қар жауып тұрған болатын. Есіктің көзінде балаларымен қоштасып үлгермей жатып, жеті полиция қызметкері тарапынан әп-сәтте жан-жағынан қоршауға алынған Айша қолдарына кісен салынып, жетекте кете барды. Айша тұтқындалғаннан екі айдан соң небәрі төрт жастағы баласы Әлиді де өзінің жанына алуына тура келді, осылайша бүлдіршін де темір тордың ар жағынан бір-ақ шықты.

ТҮРІК ТҮРМЕЛЕРІ БАЛАҒА ТОЛЫ

Айша абақтыда өткізген төрт айда басынан өткендерін әңгімелегенде құдды бір қорқынышты фильм көргендей әсермен айтады. 10 адамдық суық камерада 23 адамның тұрғанын айтқан Айша балалардың ішерге асы болмағанын және кейбір бүлдіршіндердің қайнаған суға күйіп қалғанын айтады. Балалардың түні бойы жылағаны әлі күнге дейін есінен кетер емес.

Грекиядағы босқындар лагерінде «Fox News»-ке берген сұқбатында Айша: «Күн сайын таңертең ұлым екеуміз абақты камерасын басына көтерген балалардың жылаған дауысымен көзімізді ашатынбыз», – деді.
Камераның балалар үшін өте қауіпті орын екенін айтқан Айша енді ғана тәй-тәй басып келе жатқан баланың басын темір кереуетке қатты соғып алғанын да есіне түсірді. Сол кезеңдердің расымен де өте ауыр болғанын күйінішпен жеткізеді.

Айша мен ұлы Әлидің көрген азаптарын ешкімнің де басынан кешпегені анық. Үкіметтің және өзге де ресми ұйымдардың берген мәліметтеріне қарағанда, 2017 жылдың тамыз айынан бастап 6 жасқа толмаған 668 бала аналарымен бірге қамауға алынған. Бұл аталған балалардың 23 %-ын бір жасқа да жетпеген сәбилер құрайды.

6-18 ЖАС АРАЛЫҒЫНДАҒЫ ЖҮЗДЕГЕН БАЛА ТҰТҚЫНДА

Түрік Әділет Министрлігі қамауға алынған әлгіндей балалар жөнінде өте төмен көрсеткіш белгілеп, абақтыда 6 жасқа толмаған балалар санының 56 екенін мәлімдеген. Алайда Courtesy of the Platform for Peace and Justice (PPJ) пен The Journalists and Writers Foundation (JWF) секілді халықаралық ұйымдар төңкеріс әрекетінен кейін жүздеген бала мен сәби әлі күнге дейін өмірлерін түрмеде өткізіп жатқанын айтады.

2016 жылдың шілде айында Режеп Тайып Ердоғанға қарсы ұйымдастырылған төңкеріс әрекетінен кейін жүз мыңдаған адаммен бірге аналар мен балалар да қоса қамалды. Төңкеріс әрекетіне байланысты жарияланған төтенше жағдай режимі Фетуллаһ Гүлен мен «Қызмет» қозғалысымен байланысы бар деген күдікке ілінген барлық жанның қамауға алынуына барынша жағдай жасады.

Орталығы Англияда орналасқан, сыртқы саясатпен айналысатын «Henry Jackson Society» басшысы доктор Алан Мендоза: «Азаматтық қоғамда абақтыда бала болмайды», – деп, ана мен баланың ешқандай кінәсіз қамауға алынуын «құқықтық бояма» саясаты деп атайды. Және мұндай әрекеттердің жазықсыз балалардың өмірлерінде өшпестей із қалдыратынын тілге тиек етті.

Түркияның осы саясатына қатысты келесі бір сын — қамауға алынған ана мен балалардың көпке ортақ қылмыстың құрбандары болғандығында.

Вашингтонда орналасқан «The Foundation for the Defense of Democracies» ұйымының зерттеушісі Мерве Тахироглу: «Төңкеріс әрекетінен бері қамауға алынған ана мен балаларға қатысты тағы бір жан түршігерлік жағдай: ақиқатында осы жандар – өздері күдікті емес, күдіктілердің жары және балалары. Бұл жағдай – жаппай жазаға тартудың бір мысалы», – дейді.

Түркияға қатысты зерттеу жүргізетін Белгиялық Бейбітшілік және Әділет Платформасы (Platform for Peace and Justice, PPJ) атты тәуелсіз адам құқықтарын қорғау ұйымының директоры Угар Ток болса: «Түркияда бір әйел сот отырысына шыққанша, 6-10 ай қамауға алынады. Осы уақыт ішінде үкімет айыпталушылардың адвокат көмегіне жүгінуіне кедергі келтіріп, өз-өздерін қорғауға мәжбүр қылады.», – деді.

Дүниежүзілік Түрме Бюллетені (World Prison Brief) мәлімдемелеріне сәйкес, өткен жылы қазан айынан бастап Түркияда күдікті ретінде қамауға алынғандардың 4,4 %-ын әйелдер құраған. Бас бостандығы шектелген әйелдердің саны ресми статистикаға сәйкес 10 мың болса, Угар Ток бұл көрсеткіштің 17 мыңға дейін жетуі мүмкін екенін айтады.

Измирде тұратын 34 жастағы университет оқытушысы Кам 2016 жылдың қазан айында тұтқындалған. Оған тағылған айып — Гүленге қатысы бар делінген банкте жеке есепшотының болғандығы. Осындай күдікке мыңдаған адам ілінген. Ол жеті айлық ұлы мен одан бөлек екі баласымен сәбидің жерде еңбектеуіне де тыйым салынған түрмеде күнін кешірді. Тіпті бүлдіршіндердің ойыншықпен ойнауларына да рұқсат етілмейтінін айтқан Кам, әсіресе таза ауыз суға зар болғандарын еске алды. Кам қазіргі уақытта отбасымен бірге Германияда тұрады. Олар онда елінен безіп, бас сауғалап барған.

Кам «Fox News»-ке берген сұқбатында абақтыда өткізген күндерін «Бізге ол жерде құдды бір террорист сияқты қарады. Өзгелерден оқшау ұстады. Сәбиіммен бірге камерада отырдым. 11 жастағы ұлымнан жырақ қалдым. Бұдан өзге қандай қасірет болсын?! Баламды әр көрген сайын оның өзгеріп бара жатқанын байқадым» деп, өз шерімен бөлісті.

«Fox News» арнасының аналар мен сәбилерге арнаған репортажы халықаралық адам құқықтарын қорғау мекемелері мен адвокаттардың осы қатал статистикаға назарын аудару ниетімен жарияланды. Әлі күнге дейін қамаудағы сәбилердің басқа тұрмақ ойын алаңы жоқ түрмеде түсірілген суреттері, әйелдерге жасалған теріс іс-әрекеттердің қаншалықты деңгейде екенін ашық көрсеткен суреттері мен қамауға алынбай тұрып езулерінен күлкі кетпеген балалардың суреттері көрсетілді.

Нұрхаят Йылдыз 27 жасында, егіз сәбиім болады деп ана болуға дайындалып жүрген келіншек еді. 2016 жылдың 29 тамызында Солтүстік Анадолыдағы Синоп атты қалада дәрігер қарауында болып, үйіне қайтарда автобусқа мінген бойы ұсталып кете барды. Тағы да сол Гүлен ұйымына мүше деген айыппен қамауға алынған Нұрхаят түрмеде жүктілік мерзімінің 19-шы аптасында баласынан айырылды.

Ол «ByLock» бағдарламасын телефонына жүктеп алғандығы үшін осындай ауыр жағдайға тап болды. «ByLock» бағдарламасының сауда-саттық мақсатында қолданылатынына қарамастан, Түркия үкіметі «Қызмет» қозғалысы мүшелерінің осы бағдарламаның арқасында бір-бірімен байланыс орнатып, төңкеріс әрекетін ұйымдастырған деген жалған айыппен мыңдаған адамды қамауға алды. Н.Йылдыздың айналасындағы жақындары болса, оның телефонында мұндай бағдарламаның мүлдем болмағанын айтады. Не болғанда да, Н.Йылдыз 2016 жылдың 6 қазан күні жүктіліктің 19-шы аптасында темір тордың ар жағында екі бірдей баласынан айырылды.

Нұрхаят Йылдыз

Вашингтондағы Advocates for Slienced Turkey (AST) ұйымымен ерікті түрде жұмыс істеген және біраз уақыт бұрын Калифорнияда тұрған түрік белсендісі «Fox News»-ке берген сұқбатында: «Нұрхаяттың арманы ұшты-күйлі жоқ болды. Қазіргі таңда үлкен күйзеліспен психологиялық тұрғыдан ауыр күндерін өткізуде. Өте аз сөйлеседі. Егіздері енді қайтіп оралмайды», – деді.

Түркияның оңтүстік жағалауындағы қала Мерсинде 2017 жылдың ақпан айында босанғаннан кейін бар-жоғы сегіз сағаттан соң науқастар арбасымен перзентханадан шығарылып, тұтқындалған Филиз Явуздың оқиғасы тек оның басындағы жағдай еместігін ескерсек, мұндай жайттардың қаншалықты жиі қайталанғанын бағамдай аламыз.

Courtesy of the Platform for Peace and Justice (PPJ) пен The Journalists and Writers Foundation (JWF) ұйымдарының мәліметтеріне сәйкес, Түркияда 6 жасқа толмаған 600-ден аса бүлдіршін балалық шағын түрмеде өткізуде.

АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУШЫСЫ НҰР ТҮРКИЯДА ҚАМАУҒА АЛЫНДЫ

құқық қорғаушы Нұр

27 жастағы Нұр Анкара Университетінің құқық факультетін бітірген маман. Нұр сол бір қорқынышты түстей болған 2017 жылдың 18 қаңтарын «Полиция таңертең сағат 03:00-де үйіме келді. 2008 жылы жатаханада бірге тұрған әлдекімдермен байланысты менің террорист екенімді айтты», – деп есіне алады. Нұр Ескішехирдегі үйінен тұтқындалған күйі қап-қараңғы абақтыға жабылды.

Нұр ханым өзін жолы болғыш жан деп есептейді. Тыныс жолы демікпесі және жүрек ақауына байланысты қамауға алынғаннан кейін 5 күннен соң дәрігер қарауына жіберіліп, сот арқылы бостандыққа шықты. Артынша, алғашқы мүмкіндікте-ақ контрабандашылар көлігіне мінгесіп, Түркиямен қоштасты. Қазіргі күнде АҚШ-та тұратын Нұр, өзін қауіпсіз сезінумен қатар, тұтқындалған өзге де аналарға, балаларына және әсіресе жүктілік мерзіміне қарамастан қамауға алынып, психологиялық қысымның нәтижесінде сәбиінен айырылған аналарға берген уәдесін орындауға тырысып жүр.

Ал Түркияның Әділет министрлігі және Ішкі істер министрлгі осы оқиғаларға қатысты қандай да бір сұрақтарға жауап бермей үнсіз отыр. Билік өкілдері арасында әйел және балалар, осы секілді мыңдаған адамның тұтқынға алынғандарын жайдан-жай емес екенін, ұлттық қауіпсіздік үшін өмірлік маңызы бар екендігін айтып бағуда.

Әлем бойынша айыпталушылардың денсаулықтарына қатысты істермен айналысатын және дағдарыс орталықтарын құрған Халықаралық Қызыл Крест Ұйымы (The International Committee of Red Cross) енді бұдан былай Түркияға өкілдік етпейтіндгін және мониторинг жасамайтынын жариялады. 2016 жылдың шілде айында ұйымдастырылған төңкеріс әрекетінің артынша бірнеше мың адам тұтқындалды. Тұтқындалушылардың басым көпшілігі төңкеріс әрекетіне қатыспады және «Amnesty International» өкілі «Fox News»-ке жасаған мәлімдемесінде ұйым жасаған зерттеулердің нәтижесінде қандай да бір кінәлі іске дәлел таба алмағанын айтты.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз