Павлодар облысында қыс қаһарына мініп, сары аяз сақылдап тұр. Бүгін өңірдегі 355 мектепте аязға байланысты сабақтар өткізілмейді. Температура минус 32 градус болса, желдің жылдамдығы секундына 5 метрді құрайды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Темірғалиеваның хабарлауынша, қақаған аяздың алғашқы құрбандары бар. Соңғы тәулікте екі ер азаматты ІІ және ІІІ деңгейлі үсік шалды. бірі – 28-де, екіншісі – 32 жастағы ер азамат. Зардап шеккендер емханаларға жедел жеткізіліп, тиісті ем-дом шараларын алып жатыр.
Павлодар қалалық №1 ауруханасы күйік бөлімінің меңгерушісі Марат Қанжиғалиннің айтуынша, қыс басталғалы үсік шалудың 39 оқиғасы тіркелген.
Солтүстік Қазақстан облысында да қыс қатая түсті. Сынап бағанасы түнде кей жерлерде -35 градусқа дейін төмендеген. Осыған байланысты жол сақшылары мен құтқарушылар қалааралық және облыстық жолдарды қатаң бақылауға алды. Мамандар бұл күндері алыс жолға шықпауға кеңес береді. Өйткені синоптиктердің мәліметінше, Ресейдің батысынан жеткен антициклон әлі бірнеше күнге жалғасуы мүмкін. Ауа райының күрт суытуына байланысты 1-11 сынып аралығындағы оқушылар мен колледждің бірінші және екінші курс студенттері үшін сабақ тоқтатылды.