Мадридтің «Реал» командасы УЕФА чемпиондар лигасы ширек финал ойындарының жауапты кездесуінде бақталасы «Барселонаның» кебін кие жаздады. Тықыр таянғанда, абырой болып, ойын соңында даулы пенальти белгіленді, ал команданың бас жұлдызы Криштиану Роналду нүктеден мүлт кеткен жоқ. «Реал» үшінші жыл қатарынан чемпиондар лигасын жеңіп алу мүмкіндігіне әлі де ие.

Embed from Getty Images

Сырт алаңда Италия чемпионы «Ювентусты» 3-0 есебімен тізе бүктірген мадридтік команда «Сантьяго Бернабеу» стадионында ойынның негізгі уақытында дәл сондай есеппен ұтылып жатқан еді. Джанлуиджи Буффон қорғаған қақпаның кілтін таба алмаған «Реал» ойыншыларын англиялық арбитр Майкл Оливер даулы пенальти белгілеп, «ата жауларының» күйін кешуден құтқарып қалды.

Embed from Getty Images

Ойынға қосылған қосымша уақыттың бел ортасында, командалар ойша 15 минуттық қосалқы екі таймға дайындалып жатқанда, итальян команданың қорғаушысы Мехди Бенатья допқа ұмтылған испан ойыншысы Лукас Васкесті тартқылап құлатты. Алаң шетіндегі көмекшілеріне қараған төреші 11 метрлік нүктені көрсеткенде, Джанлуиджи Буффонның жүйкесі сыр берді. Оливер өзінің шешіміне наразылық білдірген қақпашыға қызыл қағаз көрсетіп, алаңнан қуды. Қонақтардың «камбэк» арманының тас талқаны шықты.

Нүктеге таянған мадридтік сұрмерген Криштиану Роналду қосалқы қақпашыдан айласын асырып, таразы басын өз ыңғайына бұрды. Таблода 1-3 деген есеп жаңды. Артынша, Оливер ақтық ысқырық шалып, ойынның аяқталғанын білдірді. Есеңгіреткен жеңіліске қарамастан, Мадридтің «Реалы» жартылай финалға шықты.

Ойыннан кейін туриндік клубтың капитаны Джанлуиджи Буффон ойындағыдаулы эпизод жайында баспасөз өкілдеріне пікірін білдірді.

«Пенальтидің 1/10 бөлігі ғана болды. Төрешінің бәрін көргенін білемін. Даулы эпизод. Әйтсе де ойынның 93-ші минутында даулы эпизодтан кейін пенальти белгілеуге болмайды. Бірінші ойында біздің пайдамызға болған таза пенальти белгіленбей қалды. Командалар барын салды, бір адамның да осыдан кейін бәрін құртуға қақы жоқ. Сірә, жүректің орнында қоқыс шелегі болмауы керек шығар. Егер де ана алаңға шығу мінезіңе бітпеген болса, трибунада әйел, бала-шағаңның жанында сусын ішіп, чипс жеп отырғаның жақсырақ болар. Бұлай команданың арманын қиратуға болмайды»,
 — деді спортсмен.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз