Бүгін таңертең АҚШ-тың Лас Вегас қаласында бокс әлемі демін ішіне тарта күткен соңғы жылдардың ең қызықты бокс кеші өтті. Жерлесіміз Геннадий Головкин (GGG ) мен мексикалық “сары бала” Сауль Альварес (Канело) арасында болған жекпе-жекті тамашалауға T-Mobile Arena спорт кешеңіне жиналған 20 мыңға жуық бокс жанкүйердің де, көгілдір экран алдында тақымын қысқан көрерменнің де жүрегі аузына тығылды.
Бұл “үлкен драма кешінде” орта салмақтағы WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы белдіктерін ортаға салған Геннадий Головкин алғашқы үш раундта қарсыласы Мексикалық “сары балаға” қарсы басымдылық таныта алмай, уақыттың көп бөлігін барлауда өткізді.
3-4-раундтан бастап жерлесіміз жойқы соққылар жұмсап, қарсыласын ринг бұрышына тықсыра бастады. GGG-дің сілтеген соққылары дарыса да, Канело құламады. Тастай қорғанған Альварес жекпе-жектің соңына қарай шабуылдарын үдете түсті. Ал алма-кезек шабуылдармен өткен кездесудің 12-раундында Канело Головкинді қайта-қайта құшақтап, уақыт созумен көзге түсті.
Төрешілердің шешімімен аяқталған кездесу қорытындысы жанкүйерлерді таң қалдырды. Бірінші төреші жеңісті Альвареске берсе (118-110), екінші төреші Геннадий жеңіске жетті (115-113) деп шешті. Алайда, үшінші төреші кездесу 114-114 есебімен тең өтті деп тапты.
Осылайша, карьерасында тұңғыш тең нәтижесіне қол жеткізкен 35 жастағы Геннадий Головкин чемпион белдіктерін сақтап қалды.
“Головкинді төрешілер тонады”
Мачтан кейін тең нәтижені әділетсіз деп тапқан көптеген маманның пікірі “Головкинді төрешілер тонады” дегенге сайды. Атақты филиппиндік былғары қолғап шебері Мэнни Пакьяо, мысалға, өзінің твиттер парақшасында жариялаған жазбасында нәтижеге деген наразылығын “Төрешілерді Аустралиядан алып келген бе?” деп білдірді. Пакьяо мұнда 118-110 ұпайымен жеңісті мексикалыққа берген АҚШ-тық бұрыштағы төреші Аделаида Бердтің түпкі тамырының аустралиялық екенін меңзеді.
Ағылшынның Telegraph газеті болса, интернет парақшасында бүгінгі оқиғадан кейін АҚШ-тық төрешінің жұмысынан шеттетілетіні жайлы жорамал жасады.
Ал Compubox компьютер жүйесінің мәліметтеріне сүйенсек, Геннадий Головкин жеңген еді. Жерлесіміз жекпе-жек бойы 218 соққы дарытып, қарымта соққылардың 169-ын жіберіп алған. Раундтық көрсеткіштер бойынша есептесек те, жеңіс GGG-де. Гена он раундта атой салған. Бір раунд Канелоның еншісіне жазылған болса, бір раундта екі боксшы тең түскен.