Малайзияның бұрынғы премьер министрі Наджиб Тун Разакқа қарсы ұйымдастырылған сыбайлас жемқорлықпен күрес операциясында қораптар мен сөмкелерге толтырылған доллар мен бағалы тастар тәркіленді. Түркияның Sözcü басылымының хабарлауынша, аталған операциялардан кейін малай халқы көшеге ағылды. Демонстранттар елдің алдынғы премьері Разакқа қарсы ұрандатты.
Малайзиядағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес операциясы жер-жаһанды дүр сілкіндірді. Елдің ескі премьер-министрі Наджиб Тун Разакқа қарсы бағытталған операцияларда іші доллар мен бағалы тастарға лық толтырылған қораптар мен сөмкелер тәркіленді.
ХАЛЫҚ КӨШЕГЕ АҒЫЛДЫ
Операция барысында түсірілген көздің жауын алатын миллиондаған доллар мен уыс-уыс бағалы тастардың видеосы Малайзияның мемлекеттік каналдарында көрсетілді. Таңдай қақтырар жемқорлықпен күрес операциясынан кейін шошынған малай халқы көшеге ағылды. Демонстрацияларда бұрынғы премьер Разакқа қарсы ұрандар айтылды.
ҚЫЗМЕТТЕН ШЕТТЕТІЛГЕН ЕДІ
Ел тізгінін бұрынғы премьер-министр Разак ұстаған кезде өзіне және отбасы мүшелеріне қарсы тергеу істерін бастатқан прокурор мен полиция қызметкерлері қызметтерінен босатылған еді. Операциялардың Разак биліктен кеткеннен кейін қызметтеріне қайта оралған сол прокурорлар мен полиция қызметкерлері тарапынан жасалғаны белгілі болды.
Билік өкілдерінің айтуынша, Разактың 10 елмен коммерциялық байланысы болған. Алайда ол елдердің аттары аталмайды.
ТҮРКИЯНЫ ЕСКЕ ТҮСІРЕДІ
Доллар купюраларының қораптарда сақталуы Түркиядағы бір банктің басшысының үйіне жасалған операцияларды еске түсірді. (Sözcü басылымы бұл жерде 2013 жылдың 17-25 желтоқсанында түрік-ирандық кәсіпкер Реза Заррабқа қарсы жасалған сыбайлас жемқорлықпен күрес операцияларын мегзеп отыр.)