Файнштейн атындағы Медициналық зерттеулер институтының ғалымдары екі жақты нейронды айналып өту технологиясын қолдана отырып, сал ауруына шалдыққан адамға сезім мен қимыл қозғалыстарын жасай алатын тәжірибені сәтті жүзеге асырды, деп хабарлайды 4pda.
Тәжірибе Кит Томас есімді жас жігітке жүргізілді. Ол 3 жыл бұрын суға түсу кезінде омыртқасын сындырып алған. Салдарынан оның қол-аяғы сал болып қалған еді. Қазіргі медицина бұл сал ауруын емдеу мүмкін емес деп мәлімдеді. Бірақ дәрігерлер Томасты емдеп көруге шешім қабылдады.
Операция жасап көруге бел буған америкалық дәрігерлер болды. Ота кезінде оған жасанды интеллект арқылы ми сигналдарын жіберетін 5 микрочип орнатылды.
Нәтижесінде Томастың қолдары қозғала бастады. Алайда, енді ол қозғалу үшін тек қозғалыс туралы ойлануы керек. Өйткені, жасанды интеллект сол ойлаған команданы орындайды. Сонымен қатар, тәжірибеден кейін Томастың қол күші екі есе арта түсті.
Енді осы тәжірибе толығымен сәтті аяқталса, бұл технология көптеген сал ауруына шалдыққан адамдарға толыққанды өмір сүруге екінші мүмкіндік бере алады.