Тоғызқұмалақтан төртінші әлем чемпионаты өтеді

0
81

3-8 қыркүйек аралығында елордамыз Астанада тоғызқұмалақтан төртінші әлем чемпионаты өтеді.

Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және Астана қаласының әкімдігінің ұйымдастыруымен өтетін байрақты бәсекенің ашылу салтанаты бүгін IBIS қонақүйінде өтті.

Биыл тоғызқұмалақтан төртінші рет өткізілгелі отырған әлем чемпионатына қатысушы елдердің географиясы кеңейді. Австрия, Камерун, Польша және Украина мемлекеттерінен келген спортшылардың алғаш рет қатысуымен өтетін әлем біріншілігіне 25 елден келген жалпы саны 70-тен астам спортшы бағын сынайды.

Жарыстың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Дүниежүзілік тоғызқұмалақ  федерациясының президенті Алихан Байменов тоғызқұмалақ ойынына жас буынның аса қызығушылық танытып жүргенін және мектептерде тоғызқұмалақ үйірмелерінің санының жылдан жылға артып келе жатқанын мәлімдеді. Ел көлемінде 190 мың баланың тоғызқұмалақ ойынымен айналысатынын алға тартқан Байменов ұлт мәдениетінің қалыптасуы мен дамуында зияткерлік ойындардың маңызы зор екенін, бұл ойындардың үздіктерді анықтайтын спорттық жарыс қана емес, ұрпақ тәрбиесінде орны ерекше бір феномен екенін атап өтті.

Ресми билік өкілдері атынан ашылу салтанатына қатысқан ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ельсияр Қанағатов әлем чемпионатының ашылу салтанатымен құттықтап, қатысушыларға жылы лебізін білдірді.

Тоғызқұмақтан әлем біріншілігі қазақтың ұлттық зияткерлік ойынын әлемдік деңгейде насихаттау мақсатында өткізіліп келеді. Чемпионат ерлер және әйелдер категориясына бөлініп, классика, рапид, блиц секілді дисциплиналарда үдіктерді анықтайды. Сондай-ақ, биыл тұңғыш рет жұптық (командалық) жарыстар ұйымдастырылады. Жұптық жарыстарға командада 1 ер адам мен 1 әйел адам қатыса алады. Ал әр елдің ұлттық құрамасы 2 әйел және 2 ер ойыншыдан тұрады. Сайыскерлердің басым бөлігі – жастар.

Тоғызқұмалақтан тұңғыш рет 2010 жылы Астана қаласында ұйымдастырылған әлем чемпионаты, 2012 жылы Чехияда және 2015 жылы Алматыда өткізілгеннен кейін Астана қаласына қайта оралып отыр.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз