Үкімет басшысы Асқар Мамин тестілеу өткізілетін барлық орынның жұмысын нақты үйлестіруді тапсырды
«2017 жылдан бері тестілеу еркін түрде және жоғарғы оқу орындарына түсетіндер үшін ғана өткізіліп келеді. Биыл мұндай түлектердің саны 117 мыңнан асатынын көріп отырмыз. Білім және ғылым министрі атап өткендей, университеттердің ақылы бөліміне түсуге ниет білдіргендер үшін ҰБТ өткізілді. Ал 26 маусымнан бастап білім беру грантын мемлекет есебінен оқығысы келетіндер үшін тестілеу басталады. ҰБТ өткізуге дайындықты толығымен қамтамасыз ету керек. БҒМ міндеті – тестілеу өткізілетін барлық орынның жұмысын нақты үйлестіру. Ішкі істер, Денсаулық сақтау министрліктері, Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірге ҰБТ тапсыруды қамтамасыз ету барлық шараларды қабылдауы тиіс. Талапкерлерді тексеруді әдептілікпен жедел жүргізу қажет», – деді Үкімет басшысы
ҰБТ тапсыру жұмысын сапалы түрде ұйымдастыруды Үкімет басшысы әкімдерге тапсырды.
«ҰБТ кезінде қоғамдық тәртіпті сақтау, ҰБТ өткізу пунктерін медициналық персоналдармен қамтамасыз ету қажет. Екіншіден, ҰБТ нәтижелері бойынша облыстардың, қалалар мен мектептердің рейтингтерін жасамауды сұраймыз. Қазіргі таңда ҰБТ – өз еркімен жоғарғы оқу орындарына түсу үшін тапсыратын емтихан болғандықтан, осы нәтижелерді рейтинг жасауға пайдалану – біздің ойымызша, дұрыс емес», – деді Білім және ғылым министрі Үкімет отырысында.
Асхат Аймағамбетов үшіншіден, мектеп бітірушілер мен олардың ата-аналарына қолайлы жағдай жасауды, балаларды тасымалдау мәселесін ұйымдастыруды сұрады.
«Жалпы, ҰБТ өткізуге дайындық жоспарға сай жүргізіліп жатыр. Биылғы тестілеуді өткізуге дайынбыз», – деді министр.