Қазақстанның білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қашықтықтан оқыту форматы карантинге байланысты қабылданған мәжбүрлі шара екендігін айтып, ата-аналдардың петициясына жауап қатты. Министр бұл туралы Facebook парағында жазды.
Президенттің атына жазылған “Мектепте дәстүрлі оқыту форматы қайтарылсын” деген үндеуде қазақстандықтар карантин аяқталғаннан кейін қашықтықтан оқытуды заңдастыру жоспарына қатысты өз наразылығын білдірген.
Министр қашықтықтан оқыту әлемді жайлаған індетке байланысты қабылданған мәжбүрлі шара екенін атап өткен.
Ведомство алдында оқу процесін үзбей, балалар мен мұғалімдердің денсаулығын сақтау міндеті тұрған.
“Балалар, ата-аналар, мұғалімдер және министрлік – бәріміз де мектепке барып оқу ең тиімді және ыңғайлы формат екенін түсінеміз. Дәстүрлі оқу формасын ешкім де алып тастамайды. Қашықтықтан оқыту форматына көшу мәжбүрлі шара болатын”, – деді Аймағамбетов.
Аймағамбетов келесі оқу жылы мектепте өтетініне үміттенетінін жеткізді.
Қазақстандық оқушылар коронавирусқа байланысты мерзімінен бұрын демалысқа шыққан болатын. 16 сәуірде төртінші тоқсан басталып, оқушылар қашықтықтан оқыту форматына ауысты.