2-3 наурыз аралығы Астанадағы “NURORDA” мектеп-лицейінде “Білім-Инновация” ХҚҚ ұйымдастыруымен оқушылар арасында “Kazakhstan Robotics Challenge 2019” (KRC) робототехника сайысы өтеді. Бұл туралы KAZAKNEWS тілшісі хабарлады.
KRC 2019 – Қазақстанның бүкіл облысындағы мектеп оқушыларының робототехника бойынша талдамалық және дизайнерлік дағдыларын көрсетуге мүмкіндік беретін бірегей алаң.
Мектеп маңында робот ұстап, жарысқа дайындық жүргізіп жатқан оқушылар өте көп. Соның арасында екі оқушымен сөйлесудің сәті түсті.
Жарыста “Robotics Mini Sumo 17-17” бөлімі бойынша бақ сынаймыз. Роботтарымызды құрастыруға шамамен 2 ай уақыт кетті. Сайыскерлермен әлі танысып үлгермедік. Дегенмен, өңкей мықты оқушылар келген секілді. Жеңеміз деп отырмыз, – дейді Қостанай “Білім-инновация” лицейінің 7 сынып оқушылары Саят Сайлаубек пен Ержан Әлімжан.
“NURORDA” мектеп-лицейі ертеңгі жарысқа қызу дайындық жүргізіп жатыр.
“KRC жарысы биыл төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Биыл жарысқа республика бойынша 170 команда, барлығы 270-тен астам оқушы қатысып, 7 санат бойынша бақ сынайды. Олар: Lego Mission (5 минут ішінде берілген 6 тапсырманы орындау), Lego Mini Sumo (салмағы 1 кг-ға дейінгі роботты аренадан ығыстырып шығару), Lego Grand Sumo (салмағы 2 кг- ға дейінгі роботты аренадан ығыстырып шығару), Lego Labyrinth (лабиринттің соңына дейін жылдам жету), Arduino Hackathon (роботтармен басқарылатын радиомашина құрастыру), “Coding Hackathon for ladies” және соңғысы mBot Football Tournament (роботтар футболы). Қазір дүние жүзінде қыздар арасында IT маманы болу тренд. Сол себепті биыл жаңадан қосылған екі санаттың бірі тек қыздар арасында өтетін “Coding Hackathon for ladies” жарысы. Бұл сайыстан үздік шыққан оқушылар “Infomatrix” халықаралық жарысына жолдама алады”, – деді ұйымдастырушы Бахтияр Эрметов.
Еске салайық, “Kazakhstan Robotics Challenge 2019” (KRC) робототехника сайысы сенбі, жексенбі күндері Астанадағы “NURORDA” мектеп-лицейінде өтеді.
Abdimanap KENES