Астанада жаратылыстану-математика бағындағы ауылдағы мектеп оқушыларына арналған республикалық олимпиада өз мәресіне жетті. Бұндай форматта алғаш рет ұйымдастырылған сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген 170 бала жеңімпаз атанды.
Республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне жалпы 1 088 оқушы қатысқан. Білім сайысының марапаттау рәсіміне Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева қатысты.
«Мемлекет басшысы адами капиталды дамытуға ерекше көңіл бөледі. Ауыл мектептерінің республикалық пәндік олимпиадасы ортақ істі жүзеге асыру қадамына қосқан тағы бір үлес болды. Зияткерлік сайыстарға қатысу – әрқайсыңыз үшін үлкен мәртебе ғана емес, сонымен бірге үлкен жауапкершілік. Әділ және тартысты сайыста терең де тиянақты білім мен тамаша дайындықты көрсеттіңіздер. Осы олимпиада тарихында бірінші рет жеңімпаз атанған, жоғары деңгейдегі медальдарды сенімді түрде жеңіп алған жеңімпаздар үшін шын жүректен қуаныштымын. Үлкен жетістіктеріңізбен құттықтаймын!», – деді бірінші вице-министр.
Алматы облысы Рахат ауылдық округіндегі орта мектептің 9-сынып оқушысы Нұрислам Әбдірахым республикалық олимпиаданың абсолютті жеңімпазы атанды.
«Бұл олимпиадаға қатысқаныма шын қуаныштымын. Ауыл мектептері үшін ұйымдастырылған байқау – интеллектуалды өсуге тамаша мүмкіндік. Олимпиада тек жүлде ғана емес, бұл жаңа таныстық және тәжірибе. Осындай мүмкіндік үшін көп рахмет», – дейді Нұрислам.
Олимпиадада барлығы 170 медаль сарапқа салынды, оның ішінде: 87 қола, 51 күміс және 32 алтын.
«2023 жылдың қараша айында ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада бастау алды. Мақсаты – ауылдан келген дарынды және талантты балалардың қабілеттерін анықтау және нығайту. Олимпиада жаратылыстану- математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттардың 13 пәні бойынша үш кезеңде өтеді. Бастапқы кезеңге 78 404 оқушы қатысты. Екінші кезеңде 25 844 мектеп оқушылары жарысты. Олимпиаданың финалдық кезеңіне 1 088 оқушы жолдама алса, оның 612-сі жаратылыстану-математика бағыты бойынша», – дейді «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғаждембек Тұрсынов.
Қызылорда облысы Сырдария ауданының 7-сынып оқушысы Кәусар Жарылқасын «Олимпиаданың ең жас қатысушысы» номинациясы бойынша дипломмен марапатталды.
«Үздік олимпиадалық команда» номинациясында бірінші орынды Шығыс Қазақстан облысының командасы жеңіп алды.
Екінші орынды Түркістан, Алматы және Қызылорда облыстарының командалары иеленсе, үшінші орында Жетісу мен Батыс Қазақстан облысы командалары тұр.
Жеңімпаздарға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының 38 ректор гранты (Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті – 5, Торайғыров университеті – 5, Семей қаласының Шәкәрім университеті – 5, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті – 5, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті – 2, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті – 5, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті – 3, Алматы Менеджмент университеті – 1, Астана халықаралық университеті – 9) және Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінде оқуға 6 грант берілді.
Айта кетейік, III кезеңнің барлық қатысушылары интеллектуалды жарыстарға дайындалу мақсатында «Дарын» республикалық сырттай мектебіне қабылданатын болады. Ал, I дәрежелі диплом иегерлері 2024 жылғы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне қатысады.
Ауылдағы мектеп оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың қоғамдық-гуманитарлық бағыты 2024 жылдың 22-28 қаңтары аралығында Астана қаласында өтеді.