Өткен апта білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында педагогтардің жұмысқа қабылдау қағидаларына қатысты жаңа бұйрықтың әділет министрлігінде тіркелгенін хабарлады.
Жаңа бұйрық бойынша, енді педагогтерді жұмысқа қабылдау жаңа форматта конкурс және нақты критерийлер бойынша жүзеге асырылады.
Министр жазбасына қарағанда, аталған өзгерістер мұғалімдерді жұмысқа орналастыру кезінде ашықтықты қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға және жұмысқа қабылдау кезінде меритократия қағидаларын қамтамасыз етуге бағытталған.
“Бұған дейін нақты ереже болған жоқ, яғни мектеп директоры кімді және қандай көрсеткіштер бойынша жұмысқа қабылдау керектігі туралы өзі шешетін. Бірқатар аймақта сағаттар санын дұрыс бөлмей, үш-төрт мұғалім бір ставкаға қабылданған жағдайлар тіркелді. Мұндай жағдайлар қандай себептерге байланысты орын алатынын болжау қиын емес. Бұдан былай білім беру ұйымдары барлық бос немесе уақытша бос лауазымдарға конкурс өткізетін болады. Бұл шағын жинақты мектептерге қатысты емес. Байқауға біліктілік сипаттамаларына сәйкес келетін мұғалімдер қатысады”, – делінген министр жазбасында.
ПЕДАГОГ НЕНІ ЕСКЕРУІ ТИІС?
Мұғалім жұмысқа орналасу кезінде конкурсқа қатысу туралы өтініш беріп, бағалау парағын қоса ұсынады. Онда барлық жетістігі, нәтижелері, еңбек өтілі, әкімшілік немесе әдістемелік қызмет тәжірибесі, курстық дайындық және басқа да ақпарат көрсетіледі. Әрбір бағыт бойынша кандидат белгіленген критерийлер арқылы бағалау шкаласына сәйкес өз балдарын дербес қояды. Конкурстық комиссия өтініш берушінің өзі қойған балдардың, оларды растайтын құжаттардың сәйкестігін тексеріп, қорытынды ұпай шығарады. Нәтижесінде бос орынға ең көп балл жинаған үміткер қабылданады. Субъективизм деңгейі барынша төмендейді.
Сонымен қатар бұрынғы жұмыс орнынан ұсыныс хаттар да сұратылады. Үміткер оң ұсыныс үшін 3 балл жинаса, ал теріс ұсыныс үшін 5 балл жоғалтады. Ұйымдар үміткердің қандай да бір бұзушылықтарға, оның ішінде педагогикалық этика бойынша бұзушылықтарға жол берді ме, жоқ па, сол туралы ақпаратты ескере алады. Мұндай фактілер анықталса, педагог кез келген кезеңде конкурстан шеттетіледі. Ережеде үміткердің біліктілік санатының міндетті түрде болуы қарастырылған.
Бұдан былай жоғары оқу орындары мен колледж түлектеріне жұмысқа қабылдану үшін дипломның болуы жеткіліксіз. Олар Ұлттық біліктілік тестілеуден өтіп, одан әрі мектепте “педагог” бірінші санатын алуға міндетті.
Мұғалім қызметін негізгі жұмысымен қоса атқаратын мұғалімдерді бір пән бойынша 8 сағаттан аспайтын жүктемемен конкурссыз жұмысқа қабылдауға рұқсат етіледі. Сондай-ақ осы білім беру ұйымының мұғалімдері арасында жүктемесі 8 сағаттан аз бос орындарды үлестіруге болады. Бұл ретте бір пән бойынша бос 9 немесе одан да көп сағатты жасанды түрде бөлшектеуге жол берілмейді.
“Қабылданған ереже педагогтармен, сарапшылармен, мектеп директорлары және әдіскерлермен, білім басқармаларының басшыларымен және басқа да білім беру ұйымдарының өкілдерімен талқыланды. Аталған шаралар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға және педагог лауазымына үміткерлерді сапалы іріктеуге бағытталған”, – деді министр.
Енді жаңа бұйрыққа сай, барлық мәселе конкурс комиссиясының қолынан өтеді. Министр бұл комиссияға кім кіреді, қалай кіреді, комиссияны кім құрайды, кім таратады, кім қадағалайды дегенді ашып айтпады.