16 ақпанда Қазақстанда алғаш рет электронды форматта аудандық және облыстық олимпиадалар басталды. Бұл туралы білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
“Биыл зияткерлік жарыстар алғаш рет электронды форматта өтіп жатыр. Жаңашылдық олимпиадалардың өтуінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Оған 291 ауданнан (қаладан) шамамен 100 мың оқушы қатысады. Олимпиаданың екінші кезеңі 22 ақпанға дейін жалғасады, үшіншісі – облыстық кезең 2022 жылдың 28 ақпаны мен 5 наурыз аралығында өтеді” – делінген хабарламада.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада прокторинг жүйесін пайдалана отырып, «Oqylyq» платформасы арқылы өтеді. Оқушыларға тапсырмаларды алу үшін жауап бланкісі, жеке логин және пароль беріледі. Олимпиада «1 компьютер – 1 оқушы – 1 камера» принципі бойынша өткізіледі. Бұл ретте жарыстардың бейнежазбасы және тікелей көрсетілімі жүргізіледі. Аудандық (қалалық) кезеңнің жеңімпаздары Республикалық олимпиаданың келесі облыстық кезеңіне қатысады.
Өткен жылы қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадаларда жеңімпаз атанып, Қазақстанның қоржынына 26 медаль әкелді. Алтын медаль иегерлері 1500 АЕК, күміс медаль – 1000 АЕК, қола медаль – 500 АЕК көлемінде сыйақы алады. Сондай-ақ жеңімпаздарды дайындаған педагог-жаттықтырушыларға да сыйлықтар қарастырылған.