5 қыркүйек күні Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратында ҚР Білім және ғылым министрлігінің алқа отырысы өтті.
Алқалы жиынға ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, және ҚР Президенті Әкімшілігінің, ҚР Премьер-Министрі кеңсесінің өкілдері, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары, ЖОО ректорлары, ұлттық және республикалық орталықтар мен мектеп, колледж, білім беру басқармаларының басшылары, білім және ғылым саласын бақылау департаменттерінің, педагогикалық кадрлардың біліктілігін көтеру институттарының директорлары қатысты.
Жиында мемлекет басшысының “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” атты Қазақстан халқына жолдауын іске асыру аясында білім және ғылымның негізгі міндеттері талқыланды.
ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында білім және ғылымның алдында тұрған негізгі міндеттері туралы арнайы баяндама жасады.
Министрдің айтуынша, білім жүйесін жаңғырту жұмыстары барлық бағыттар бойынша жалғасады. Ал ауқымды тапсырма Жолдауда көтерілген білімді дамыту және тиімді жүйені құруға бағытталады. Асхат Аймағамбетов бұл тапсырмаларды жүзеге асыру бойынша ведомствоның алдағы міндеттеріне тоқтала келіп, баяндамашыларға сөз берді.
Алқалы жиында белгіленген күн тәртібіне сай EDTECH-KZ халықаралық білім орталығының бас директоры, психология ғылымының кандидаты, PhD докторы Ғани Бейсенбаев, ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрайымы Анар Әбілқасова,Қызылорда облыстық Білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова, ЮНИСЕФ-тің балаларды қорғау жөніндегі үйлестірушісі Татьяна Адерихина Президент Жолдауынан туындаған маңызды бағыттар жайлы сөз етті.
Қызылорда облыстық Білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова аудандық білім бөлімін облыстың құзіретіне беру және балабақшаны аудандық әкімдіктен білім басқармасын өткізу, ауыл мен қала оқушыларының білім сапасын теңестіру үшін қаржылық айырмашылық болмауы жайлы және сандық технологияны дамыту тұрғысында келелі ой қозғады.
Айта кетейік, 2019 жылғы 2 қыркүйек күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халқына алғашқы жолдауын жариялады.
Мемлекет басшысы өз жолдауында республиканың ауылдық мектептерінде білім беру жүйесін жетілдіру, еліміздің жоғары оқу орындарында білім беру сапасы мен ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттыру қажеттігін атап өткен болатын.