11 қаңтарда Қазақстанда “Болашақ” халықаралық стипендиясының конкурсына қатысуға құжат қабылдау басталды. Бұл жөнінде халықаралық бағдарламалар орталығының баспасөз қызметі хабарлады.
“Биыл “Болашақ” халықаралық стипендиясын тағайындау конкурсына қатысуға құжаттар қабылдау төрт кезеңнен тұрады. Құжат қабылдаудың алғашқы кезеңі осы жылдың 27 қаңтарына дейін жалғасады. Екінші кезең – 2023 жылғы 3 сәуір мен 28 сәуір аралығында, одан кейін 5 маусым мен 7 шілде аралығында және 17 шілде мен 15 қыркүйек аралығында жүргізілетін болады. Конкурстық іріктеу 2023 жылғы 20 қаңтар мен 31 желтоқсан аралығында өтеді. Өтінімдер Egov.kz мемлекеттік қызметтер порталы арқылы қабылданады”, – делінген халықаралық бағдарламалар орталығы таратқан хабарламада.
Осы жылы магистратура және резидентура бағдарламаларына 395 стипендия, докторантураға 50 стипендия, тағылымдамадан өту үшін 110 стипендия бөлінген. Ұсынылатын ЖОО-лар тізімі әлемнің 27 елінен 236 университетті қамтиды. Басым мамандықтар тізбесіне 262 мамандық кірді.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Болашақ” бағдарламасын қайта бағдарлау жөніндегі тапсырмасы бойынша “Инженерлік-техникалық мамандар” жеңілдік санаты бекітілген. Сонымен қатар медициналық қызметкерлер үшін де жеңілдік санаты бар. Квоталық санаттардың тегін тілдік дайындықтан өту мүмкіндігі бар. Сондай-ақ олар құжат тапсырған кезде шетелдік ЖОО-ға өз бетімен түсуге міндетті емес. Олар оқу орнын стипендия тағайындалғаннан кейін бағдарлама аясында оқуға ұсынылатын ЖОО-лар тізімінен таңдай алады.
Еске салайық, жетекші шетелдік жоғары оқу орнынан шартсыз шақыруы бар үміткерлер ғана “Болашақ” стипендиясын тағайындау конкурсына қатыса алады. Оларға жеңілдігі бар кандидаттар жатпайды.