Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық “Болашақ” стипендиясының 25-жылдығына орай аталған бағдарлама түлектерін құттықтады. Елбасының құттықтау сөзін мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова 10 қарашада бағдарламаның 25 жылдығына арналған “Адами капитал – жаңғыру негізі” атты форум аясында жеткізді.
Онда ширек ғасырдан бері еліміздің талантты жастарының білім алуына арналған «Болашақ» стипендиясы дүние жүзіне танылған қазақстандық брендке айналғандығы атап өтілген. «Бүгінде бағдарлама түлектері білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, ғылым және техника салаларында жүздеген ғылыми әзірлемелер мен ірі жобаларды жүзеге асырып, зор жетістіктерге қол жеткізуде. Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында біздің алдымызға жаңа талаптар қойылуда. Сондықтан, «болашақтықтардың» алған білімі мен білігі, әлемнің озық елдерінен алған өмірлік және кәсіби тәжірибесі тиімді пайдаланылуға тиіс», – делінген құттықтауда.
Н. Назарбаев “Болашақ” бағдарламасы арқылы білім алған кардиологтар жүрекке 33 мың операция жасаған, емдеудің 1700 алгоритмі мен халықаралық стандартын енгізгендігін алға тартты. Жас инженерлер болса, энергетика саласында автоматты басқару жүйесін дамытып, ірі өндіріс нысандарында пайдаланылатын мобильді роботтар мен гибридті алаң жасақтауда,- деп атап өтті Елбасы.
“Болашақ” бағдарламасының түлектері іске ұмтылған кез келген қазақстандыққа үлгі болуы тиіс. Мен форум қатысушыларын халықаралық тенденцияларды талқылап, дамудың жаңа жолдарын іздестіріп, шыңдарды бағындыруға тілектестігімді жеткіземін. Баршаңызға сәттілік тілеймін!”, – деп түйіндеген сөзін Н. Назарбаев.
“Болашақ” стипендиясының 25 жылдығына арналған “Адами капитал – жаңғыру негізі” форумы 10 қарашада Тәуелсіздік сарайында өтті.
Форумға әлемнің 40 елінен 150 150 ЖОО өкілі сондай-ақ, бағдарлама түлектері қатысуда. Бұдан өзге ҚР білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, “Астана” халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов, Шымкент қаласының әкімі Ғабидулла Әбдірахымов, Қазақстан Республикасындағы Дүниежүзілік Банктің Тұрақты өкілі А. Браун сөз алды.
Форум аясында “International education fair 2018-2019” халықаралық білім көрмесі өтті.
Safina Said