4 қаңтар күні астанадағы “NURORDA” мектеп лицейінде “Білім-инновация” және “Білім Орда халықаралық қоғамдық қорына қарасты білім беру ұйымдарының оқушылары арасында Қазақстан футбол федерациясының қолдауымен кіші футболдан республикалық турнир басталды.
Ашылу салтанатында cөз алған Қазақстан футбол федерациясы бұқаралық футбол департаментінің директоры Ерлан Жамантаев, Білім және ғылым министрлігі, мектепке дейінгі және орта білім беру комитеті төрағасының міндетін атқарушысы Көптілеуова Бағым Әубәкірқызы және Білім-инновация ХҚҚ президенті Дархан Өте қатысушыларға сәттілік тіледі.
Турнирдің мақсаты не?
Ұйымдастырушылардың айтуынша, осы жылы 7-рет өтіп жатқан турнирдің мақсаты оқушылардың жан-жақты дамуына жол ашу. Білімпаздар арасында ауызбіршілік орнатып, достықты нығайту.
Жарысқа 7-8 сынып оқушыларынан құралған 32 команда, барлығы 300-ден астам оқушы қатысып жатыр.
Ойын басталар алдында оқушылар мен мұғалімдерді әңгімеге тартық.
“2017 жылғы жеңісті қайталауға келдік”
Екібастұз қаласынан келген Еларман бұл жарысқа барын салып дайындалғанын айтты. Команданы 2 мұғалім аптасына 3 сағаттан 5 күн жаттықтырған.
“Дарынды ер балаларға арналған Екібастұз көпсалалы лицейінің 8 сынып оқушысымын. 2017 жылы ағаларымыз кубокты ұтып алған болатын. Сол жеңісті қайталап кубокты мектебімізге алып кетуге келдік. Өзім жартылай қорғаушымын. Футбол ойнауды 1 сыныптан бастадым. Өсе келе түрлі жарыстарға қатыстым. Турнирдегі басты қарсыласымыз Атырау мен Ақтөбе деп ойлаймын. Жалпы футболда Ливерпуль командасының жанкүйерімін. Ван Дэйктің ойын мәнері ұнайды”, – деді Еларман.
“Лионель Мессидің ойыны ұнайды”
“Қарағанды қаласындағы Н.Нұрмақов атындағы мектептен келдім. Мақсатымыз осы турнирде жеңіске жету. Өзім шабуылшымын. Жарысқа күнде дайындалдық дей алмаймын. Алайда мектепте футболды тұрақты ойнаймыз. Биыл бірінші рет қатысқандықтан басқа командалардың ойнау деңгейін білмеймін. Барселонаның жанкүйерімін. Лионель Мессидің ойыны ұнайды”, – деді Ерқанат.
“Бешбармақ пен Қазақстанды жақсы көремін”
Алматыдағы Сулейман Демирел атындағы лицейдің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Акани Ажибула Нигерия азаматы. Мектепте тіл оқытумен қатар оқушыларды футболға жаттықтырады. Африкада 5 жыл кәсіби футболшы болған. Қазақстанда еңбек етіп жатқанына 2 жыл толыпты.
“Оқушылардың көбі мені “Мистер Ажи” дейді. Нигерия елінің азаматымын. Сулейман Демирел лицейінде оқушыларды ағылшын тілімен қоса футболға баулимын. Мақсатым шәкірттерге тіл үйрете отырып салауатты өмір салтын қалыптастыру. Өзім Манчестер Юнайтед командасының жанкүйерімін. Астана мен МЮ арасындағы матчты да осында көрдім. Бұрын Криштиану Роналдудан шабыттанып Африкада 5 жыл кәсіби футболшы болдым. Кейін университетті спорт психологиясы мамандығына бітірдім. Бешбармақ пен Қазақстанды жақсы көремін. Мұнда ұзақ уақытқа қаламын деген жоспар бар”, – деді Мистер Ажи.
Доп ойнаған озар…
Екі күнге жоспарланған жарыс 5 қаңтар күні аяқталады.
Abdimanap KENES