Бұрынғы оқу-ағарту министрі, қазір Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Түркияда түнгі клубқа барып, жұмыстан босатылған қызылордалық мұғалімдерді жақтады.
Еске салайық, әлеуметтік желіде мұғалімдердің түнгі клубта жүрген видеосы тарап, ата-аналар мен әріптестердің наразылығын тудырған болатын.
Аймағамбетов мұғалімдердің өз құқығы бар қарапайым азамат екенін, сондықтан алдымен жағдайды түсініп алған жөн екенін айтты.
“Мұғалімдер де баршамыз сияқты азамат. Олардың құқықтарын ешкімге шектеуге болмайды. Сондықтан бұл жерде біз мұғалімдерге қойылатын талаптарды анық ажыратуымыз керек екенін білесіздер. Әрине, жоғары талаптар өздігінен туындайды. Бірақ олардың құқығын түсінуіміз керек. Ал бұл жерде істі нақты түсініп, олардың бұл істе қандай кінәсі бар екенін білу керек”, – деді Аймағамбетов.
Бұл жағдайға қатысты білім саласының маманы Нұрлан Иманғалиев те пікір білдірді. Ол педагогикалық әдеп қағидаларын келтіре отырып, бұл оқиғада кімнің қандай қағиданы бұзғанын түсіндіріп берді.
1-тарау, 5-тармақ: Педагогке қатысты талқылаулар және олардың негізінде қабылданған шешімдер педагогтің жазбаша келісімімен ғана жария етілуі мүмкін.
«Мұғалімдердің талқылаудың жария болуына келісім бергеніне күмәнім бар. Ал директор БАҚ-та оқиғаның бар мән-жайын жайып салды. Бәлкім, бұл тармақты директор бұзған», – деп ойын бөлісті маман.
2-тарау, 3-тармақ: Білім беру процесінің қатысушыларына қатысты күш көрсету, моральдық және психикалық қысым жасау әдістерін қолдануға жол бермейді
«Ал ата-аналар мен ұжымның қысым көрсетуі, әйел мұғалімдер кеңесінде оларды «ана болғаны үшін» ұялтқаны ше?» – деп аталған тармақтың бұзылғанын айтты Иманғалиев.
2-тарау, 6-тармақ: кәсіби ынтымақтастық:
педагог кәсіптің беделі туралы ойлайды, әріптестерінің абыройы мен қадір-қасиетін құрметтейді, мұғалімнің беделіне нұқсан келтіретін іс-әрекеттерге жол бермейді.
Қандай да бір нысанда өз әріптестерінің сенімін теріс пайдалануға, олардың кәсіби міндеттерін атқаруына кедергі жасауға, оларға қандай да бір шығын келтіруге жол бермейді. Педагог өз әріптестерінің теориялық және әдістемелік шеберлік деңгейін арттыруға, шығармашылық қабілетін дамытуға жәрдем көрсетеді, қиын жағдайға тап болған әріптестеріне көмекке келеді. Кәсіби ынтымақтастық жалғандық пен әділетсіздікті ақтауға қызмет етпейді
«Бұл озбырлыққа үнсіз қарап отырған ұстаздардың барлығы, меніңше, екі әріптесінің сеніміне қиянат жасады. Сірә, олар өздерінің әрекетсіздігі арқылы директор және ата-аналармен бір жақта екенін көрсетті», – дейді ол.
3-тарау, 15-тармақ: материалдарды БАҚ-та, оның ішінде интернет-басылымдарда жариялайды, жеке тұлға ретінде өз атынан ғана көпшілік алдында сөйлейді, бұл ретте педагогтің жоғары атағына нұқсан келтірмей, пікірталасты дұрыс түрде жүргізуді қамтамасыз етеді, мемлекеттің лауазымды тұлғаларының атына сындарлы емес сыннан және әдепсіз пікірден тартынады, жариялауға рұқсат етілмеген қызметтік ақпаратты ашпайды, қоғамда педагогтің жоғары атағына нұқсан келтірмейді
«Біріншіден, мұғалімдер әлеуметтік желіде барлық мұғалімнің атынан емес, тек өз атынан жариялайды.
Сондай-ақ БАҚ-тағы жазбаларға сенсек, ол стористі өздері емес, олармен клубта бірге болғандар жариялаған», – дейді білім саласының маманы.
Оның айтуынша, адамның жұмыстан тыс уақытта немен айналысатыны – ол әркімнің жеке шаруасы.
«Тағы қайталап айтамын: біздің түнгі клубтарға, ішімдікке, жыныстық ориентацияларға, брокколи мен кинзеге, т.б-ға қалай қарайтынымыз – біздің жеке талғамымыз, құндылықтар мен принциптеріміз. Басқа адамның жұмыстан тыс уақытта қандай іспен айналысатыны – ол адамның өзінің шаруасы(егер ол заң бұзып, басқа адамдардың құқығын таптамаса)”, – деп пікірін айтты Нұрлан Иманғалиев.
Сондай-ақ ол өзінің әріптестерін бұл жағдайға көз жұма қарамауға шақырды.
“Әріптестер, егер бұл жағдайға көз жұма қарайтын болсақ, ертең наразы ата-аналардың кесірінен біздің әрқайсымызды кез келген нәрсе үшін жұмыстан шығаратын жағдайға жетеміз. Педагог статусы жайлы заң мұғалімдерге қоғам болып қысым көрсетуге жол ашпауы керек, керісінше мұғалімді қорғауы керек”, – деп аяқтады ол.