ҚР білім жән ғылым министрлігі Дүниежүзілік банкпен бірлесіп “Орта білім жүйесін модернизациялау” жобасын іске қосады.
Ведомстваның баспасөз қызметі таратқан ақпарға сәйкес, жобаның басты бағыттарының бірі – ауылдық жерде орта білім беретін мектептердегі оқушылардың үлгерімдерін, сондай-ақ, мектеп мұғалімдерінің әлеуетін арттыру және білім ордаларын мультимедиялық құрал-жабдықпен қамтамасыз ету.
Жобаның жалпы құны 75 миллион долларды құрады. Жоспарға сәйкес, аталған қаражатқа ауыл мектептеріне оқу материалдары мен мультимедиялық құрылғылар алынады, білім беру бағдарламалары оңтайландырылып, ауыл мектептеріндегі ұстаздардың әлеуетін көтеруге қатысты жұмыстар жүргізіледі.
“Оқушылардың оқудағы жетістіктері оқу және материалдық-техникалық ресурстардың үлестірілуіне байланысты болғандықтан, жоба шеңберінде жоспарланған іс-шаралар еліміздегі әрбір мектептің жағдайының жақсаруына, сондай-ақ, оқушылардың үлгерімдеріндегі айырмашылықты жойып, ауыл және қала мектептеріндегі білім сапасын теңестіруге септігін тигізетін болады”, – деп хабарлайды министрлік.