Әлемдік робототехника сайысында қазақстандық оқушылар топ жарды

0
320

Қазақстан құрамасы 14 қаңтарда Түркияда өткен әлемдік «Türkiye FIRST Tech Challenge» робототехника чемпионатында жеңіске жетті, деп хабарлайды kazaknews.kz.

Жарысқа түрік командалары және Жаңаөзен мен Алматы «Білім-Инновация» лицейінің оқушыларынан жасақталған  Rebels және Queue командалары қатысты.

Бұл дарынды оқушылардың алғашқы жетістігі емес. Алматы «Білім-Инновация» лицейінің оқушыларының жеңісті жолы 2023 жылы 11-12 желтоқсанда Алматы қаласы әкімдігінің кубогы үшін «Almaty Tech Cup-2023» роботехника, инновациялық технологиялар және «FIRST» халықаралық бағдарламасы негізінде өткен ашық чемпионаттан басталған. Оқушылар екі санат бойынша сынға түсіп, жүлделі орындарға ие болды.

Ал 2023 жылдың 16-18 желтоқсанында Астанада ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен «INFORMATICS-ASIA» халықаралық компьютерлік жобалар байқауы өткен болатын. 4 мемлекеттен 450 оқушы қатысқан кіл мықтыда кім мықтыны анықтайтын жарыста Алматы «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицейінің оқушылары жүлделі екінші орынды қанжығасына байлады.

Оқушылар мұнымен тоқтап қалмай, осы жылдың 8-9 қаңтарында өткен «Daryn FIRST Championship» жарысында «FIRST Tech Challenge» бойынша екі команда қатысып, бас жүлде және екінші орынды иеленіп,  9-10 наурызда Кипр елінде өтетін жарысқа жолдама ұтып алды.

30 жылдық тарихы бар білім ордасы өткен жылы білім басқармасының қолдауымен алғашқы рет толық күрделі жөндеуден өтті. Заман талабына сай лицей базасы жаңартылып, қазіргі уақытта инновациялық жағынан дамып келеді. Оқу жылы басында Робототехника зертханасы толық жабдықталып, қолданысқа берілген күннен бастап, лицейде білім алатын 380 оқушының қызығушылықтарын арттыру және бос уақыттарын тиімді өткізу аясында  «РОБОТОТЕХНИКА» үйірмесі ашылған болатын. Содан бері 80-ге жуық оқушы 6-7 ай ішінде робототехника саласында жетістіктерге жетіп, әлемдік деңгейде еліміздің мәртебесін көтеріп келеді.

 «Ерең еңбек әрқашан ақталады. Енді алдағы қорытынды ойындарда керемет нәтиже көрсетуге тілектеспіз»,  – деп оқушыларды қолдауды жалғастыратынын жеткізді лицей әкімшілігі.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз