Министрлік алматылық ата-аналарға жауап қатты

0
85

Бүгін Алматыдағы Туризм жəне спорт академиясының алдына грантқа өтпей қалған талапкерлердің ата-аналары жиналды. Олар балаларының спорттағы жетістіктеріне қарамастан грантқа ілінбей қалғандарына наразылық білдірді. Жиналған қауым оқу ақысының 500 мың теңгені құрайтындығын алға тартып отыр.

Грант мәселесіне қатысты дауға ҚР Білім және ғылым министрлігі ата-аналарға жауап берді.

“Мемлекеттік білім гранттары ҰБТ мен КТ нəтижелері бойынша конкурстық негізде тағайындалады. Балдары бірдей болған жағдайда басым құқық алдымен “Алтын белгі” иегерлеріне беріледі. Одан кейін кəсіптік жəне техникалық білімі бар, 1 жылдық еңбек өтілі бар талапкерлерге, үшіншіден, халықаралық байқауларда, ғылыми жобаларда, спорттық жарыстарда жүлделі орындарды иеленген түлектерге мүмкіндік берілген. Төртінші санатта мүмкіндігі шектеулі балалардың, ата-анасының қамқорлығынан айырылған, соғыс ардагерлеріне теңестірілген, жастайынан мүгедек балаларға басым құқық берілген. Ол тек балдары тең келген жағдайда. Биылғы өтініштер бойынша спорттық жарыстардың жүлдегерлерінен 210 түлек грант иеленді ” – дейді Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру басқармасының басшысы Қарлығаш Шаяхметқызы.

2018-2019 оқу жылына “Дене шынықтыру жəне спорт” мамандығына барлығы 450 грант бөлінді. Оның ішінде 210 талапкер мемлекеттік грантқа ілінді. Қалған үміткерлердің өтпей қалған себебі – ҰБТ-да төмен балл жинауы.

Сондай-ақ, биыл əр өңірдің жергілікті білім басқармасы бірнеше мамандыққа қосымша гранттар бөлген. Яғни, мемлекеттік грантқа ілікпей қалған, бірақ, қосымша грантқа өтініш берген талапкерлердің грант ұтып алуы əбден мүмкін.

“Облыстардың жергілікті білім басқармалары əр өңірдің қажеттіліктері бойынша біршама мамандықтарға грант бөлді. Құжаттарды қабылдау 5-10 тамыз аралығында өтті. Ал, 11-15 тамыз аралығында арнайы комиссия жұмысы жүргізіледі” – дейді ҚР БҒМ басқарма басшысы.

Аяжан Мадибекова

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз